«Таза Қазақстан» акциясына осы уақытқа дейін 10 млн-нан астам қазақстандық атсалысқан . Оның 600 мыңға жуығы тұрақты түрде белсенділік танытқан еріктілер. Жыл сайын 3 млн ағаш егу жоспарланғанымен, акция аясында 4,5 млннан аса көшет отырғызылды. Бұл туралы экология министрлігінің өкілдері хабарлады. «Таза Қазақстан» бастамасының басты бағыттарының бірі – заңсыз қоқыс полигондарын жою. Рұқсатсыз жиналатын қоқыс үйінділері жылдан жылға азайып келеді. Экологиялық ахуалды жақсарту үшін қатаң шаралар қабылданды. Мәселен, қоқысты рұқсат етілмеген орындарға тастағаны үшін жеке тұлғалар мен кәсіпорындарға 100-ден мың айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Тіпті көлік құралдарын тәркілеу құқығы да бар. Сондай-ақ елімізде қоқысты қайта өңдеу деңгейі 25%-дан асты. Биыл тағы 67 жоба мақұлданды.
Дәулет Есмағамбетов, ҚР ЭТРМ Экологиялық мәдениет және саясат департаментінің директоры:
Астана, Алматы, Ақтөбе және Өскемен қалаларында жеке бизнес бастамасымен 100-ден астам пластик пен алюминий қабылдайтын фандомат орнатылды. Сондай-ақ тамыз айының соңына дейін Министрліктің пилоттық жобасы аясында Астана мен Жезқазғандағы 129 мектепке қоқысты бөлек жинауға арналған 1000-нан астам экобокс қойылады. Бұл шаралар полигондарға түсетін қалдық көлемін азайтуға мүмкіндік береді.
@TazaQazBot порталына 17 мыңға жуық өтініш түсті
Сондай-ақ қазір қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында @TazaQazBot деп аталатын Telegram чат боты белсенді жұмыс істеп тұр. Оған жыл басынан бері 17 мыңға жуық өтініш түсіп, оның 15 мыңнан астамы орындалды.
Ерболат Қожықов, ҚР ЭТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы:
@TazaQazBot чат-боты белсенді қолданылуда. Өтініштер сапасыз орындалса, ресми жауаптар берілмесе, белгіленген мерзім сақталмаса немесе орындаушылар тарапынан нақты әрекет жасалмаса, пайдаланушылар шағым түсіре алады. Биылдың өзінде 530 арыз-шағым қабылданып, оның 476-сы орындалды.
Ақниет Балтанова