Отандық Aitu мобильді қосымшасы алматылық кәсіпкерлерге таныстырылды, деп хабарлайды 24kz.

Aitu – жай ғана қолданба емес, ол ұлттық платформа. Онда хат-хабар алмасып, музыка тыңдап, фильм көруге болады. Мемлекеттік қызметтер мен қаржылық сервистер де қолжетімді. Бұл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың креативті индустрияны және IT технологияларды дамыту жөніндегі тапсырмасымен үйлесіп отыр.

Аршын Кемелжан, тілші:

- Отандық өнертапқыштардың қолынан шыққан Aitu мессенджерін қолданушылар саны 500 мыңнан асқан. Жаңа қосымшаның артықшылығы – тек байланыс құралы емес, бірқатар саланы біріктірген жүйе.

Жарқынбек Азаматов, BTS Digital компаниясы бас директорының міндетін атқарушы:

- Aitu қосымшасы алғаш рет 5-6 жыл бұрын жасалған болатын. Бұл қазақстандықтардың өз мессенджері. Сонымен қатар біз қосымшаны үнемі жаңа мүмкіндіктермен толықтырып келеміз. Онда жасанды интеллект көмекшілері бар. Ең бастысы, азаматтарға қажетті қосымшаларды бір жүйеге тоғыстырдық.

Ұлттық мессенджердің басты артықшылығының бірі – қауіпсіздік. Барлық дерек отандық базада сақталады. Бұл пайдаланушылардың жеке мәліметтерін қорғауға мүмкіндік береді.

Нұрсұлтан Шоқанов, «Атамекен» ҰКП Алматы өңірлік кеңесінің төрағасы:

- Aitu – тек IT жоба ғана емес. Бұл креативті индустрияға да серпін беретін экожүйе. Мұнда отандық әншілердің музыкасы, отандық продюсерлердің фильмдері ұсынылады. Бұл бизнес пен мәдениеттің дамуына ықпал етеді.

Aitu-дың әлеуетін қаржыгерлер де жоғары бағалап отыр. Қазақстандық қосымша мессенджердің, медиаплатформаның, шағын қосымшалардың функцияларын және қаржылық қызметтерді де біріктіреді. Бірнеше банктік операцияларды жүргізуге болады.

Дәурен Сартаев, банктің басқарма төрағасының бірінші орынбасары:

- Біз отандық IT компанияларымен жұмыс істейміз, олардың өнімдеріне инвестиция саламыз. Соның ішінде Aitu көптен бері біздің назарымызда. Олардың даму жолы жүйелі, жаңа функциялары да заман талабына сай. Бәсекелестікке төзімді дүние жасалды деп айтуға болады.

Жиынға қатысқан сарапшылар еліміздегі IT нарығының мүмкіндіктері зор екенін атап өтті. Осы салаға венчурлық инвестициялар тартылып, мемлекет те қолдап отыр. Ең бастысы, отандық қосымшаларға сұраныс бар. Бұл жаңа нарықты игеруге жол ашады.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев