1 қыркүйек пен 1 қараша аралығында ел азаматтарына өз емханасын ауыстыруға мүмкіндік беріледі. Бұл рәсімді емханаға бармай-ақ eGov.kz порталы немесе eGov Mobile мобильді қосымшасында онлайн орындауға болады, деп жазады Egemen.kz.
Қызмет поликлиникаға тіркеліп, учаскелік дәрігерді таңдауға мүмкіндік береді. Таңдалған дәрігерге сәйкес медициналық қызмет көрсету аумағы жүйеде автоматты түрде көрсетіледі. Науқан қорытындылары келер жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Алдыңғы ұйымнан тіркеуден шығару жаңа өтінім расталғаннан кейін автоматты түрде жүзеге асырылады.
Айта кетейік, науқаннан тыс уақытта, басқа елді мекенге қоныс аударғанда, жұмыс немесе оқу орнын ауыстырғанда, сондай-ақ поликлиника қайта ұйымдастырылған немесе жабылған жағдайда ауыстыруға болады. Мұндай жағдайда қызметті жылына бір рет қолдануға мүмкіндік беріледі.