Каспий Аралдың тағдырын қайталауы әбден мүмкін. Ақтаулық экологтар теңізге құятын ылғалдың мөлшері соңғы жылдары тым төмендеп кеткенін айтып, дабыл қағуда, деп хабарлайды 24kz.

Табиғат жанашырлары: «Бес елге ортақ су айдынының тайыздануы – мемлекетаралық мәселе», — дейді. Бұл пікірді Жолдауда ел Президенті де нақты айтып өтті. Ендеше экологиялық апатты болдырмау үшін қайтпек керек?

Талғат Исламұлы, тілші:

- Біз қазір 15-ші шағын аудандамыз. 2018 жылы дәл осы жерде Наурыз мерекесі тойланды. Сол кезде дронмен түсірілген видеодан теңіз толқындарының дала сахнасы құрылған жартасты жерді шайып жатқанын көруге болады.

Қазір бұл аумақ құрғап, су жағадан 20 метрге дейін шегініп кетті. Су айдынының деңгейі жыл сайын 70 сантиметрге төмендеп келеді. Соңғы уақытта жүргізілген зерттеулер Каспийдің аумағы 70 мың шаршы шақырымға дейін шегініп кеткенін көрсетті. Жағалау сызығының жалпы ұзындығы 7 мың шақырымға созылған теңіздің суы Иран, Түрікменстан, Әзірбайжан мен Ресейдің де жағалауын шайып жатыр. Теңіздің ең үлкен бөлігі, яғни 29%-і Қазақстанға тиесілі. Бұл шамамен 2340 шақырымды құрайды. Бүгінде біздің еліміздегі жағалау сызығы 18 шақырымға тартылып қалды. Мамандар бұл құбылысты «экологиялық апат» дейді.

Орынбасар Тоғжанов, «Амаnат» партиясы жанындағы экологиялық кеңестің төрағасы:

- Каспий Аралдың тағдырын бастан кешуі тікелей мүмкін. Келетін судың мөлшері көбейеді екен деп үміттенудің қажеті жоқ. Олай болатын болса, басқа жобаны қарастыру қажет болады. Сонау солтүстіктегі Обь өзенінің бір бөлігін Торғай қақпасы арқылы Каспий теңізіне әкеліп құю. Екінші нұсқасы – Еуразия каналын салу. Бұл канал арқылы Қара теңізбен дәлірек айтқанда, Азов теңізі мен Каспий теңізінің арасын Қума-Манаш ойпаттары арқылы қосу.

Әділбек Қозыбақов, «Ecojer» қауымдастығы аймақтық экологиялық кеңесінің төрағасы:

- «Каспий теңізін сақтайық» деген глобальды экологиялық қозғалыс бар. Сол қозғалысты жергілікті деңгейде жүзеге асыру үшін «Каспий менің теңізім» деген бастама көтердік. Қоғамдық бастама Тегеран конвенциясы 2003 жылы қабылданған еді. Бірақ қазіргі таңда 20 жылдан асса да, ешқандай нақты нәтижені біз көріп тұрған жоқпыз.

Қалай десек те, мәселенің жаһандық деңгейге көтерілмеуін Каспий маңы елдері бірлесе әрекет ету арқылы ғана тоқтата алады. Мемлекет басшысы жақында Қытайда өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымының кеңейтілген отырысында осы мәселеге арнайы тоқталды. Ұйым аясында су мәселелері жөніндегі орталық құру туралы ұсыныс та көтерді. «Үкімет Каспийдің су ресурстарын сақтау туралы мемлекетаралық бағдарлама әзірлеп, оны серіктес мемлекеттермен келісу қажет», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Айта кетсек, өткен айда Ақтауда Каспий теңізін зерттейтін институт құрылып, оған Үкімет резервінен 305 млн теңге бөлінді. Бұл қаржы гидробиология және гидрохимия, гидрометеорология бағытындағы ғылыми-зерттеу жүргізуге жұмсалуы тиіс.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев