Елде цифрлық активтердің толыққанды экожүйесі қалыптасады. Қазір CryptoCity эксперименталдық аймағы құрылып жатыр. Бұл криптовалюта саласындағы әлемдік сарапшылар бас қосатын орталыққа айналады.
Ал цифрлық теңге республикалық және жергілікті бюджеттерде қолданыла бастайды.
Еркебұлан Смадияров, тілші:
- Алдымен цифрлық активтер қатарына нелер кіретінін айтайық. Ең көп тараған түрі — криптовалюта. Одан кейін токен мен виртуалды мүліктер тұр. Цифрлық теңге кейінгі екеуінің аралық нұсқасы іспеттес, дейді сарапшылар. Сонымен қатар оны күнделікті онлайн аударымдармен шатастыруға болмайды. Өйткені екінші деңгейлі банктердің қосымшасымен жасалған есеп айырысулар – бар болғаны электронды төлемдер. Ал цифрлық теңге кейбір жобаларды Ұлттық қор есебінен қаржыландыру кезінде ғана қолданылып жатыр.
Қажыкелді Шамбыл, экономика ғылымдарының Phd кандидаты:
- Цифрлық теңгені "криптовалюта" деп атау қазіргі таңда үлкен мәртебе енді аталған валюта үшін. Цифрлық теңге жоғарыда аталған "токен" мен "виртуалды мүліктің" аралық версиясы. Неге? Өйткені цифрлық активтер туралы әлі бір заң жоқ. Қазіргі таңда Қазақстандла шығып жатқан цифрлық активтерге нақты осылай болады, нақты квалификациясы бойынша осылай болады деген нақты критерий жоқ. Ол критерий әлі ешбір мемлекетте толық жасалмаған.
Көпшілік көкейіндегі тағы бір сауал — цифрлық теңге қолма-қол ақшаны алмастыра ма? Сарапшылардың пікірінше, кез келген цифрлық активтер дәстүрлі активтердің орнын толық баса алмайды. Тек белгілі бір бөлігін еншілейді. Президент заман талабын ескере отырып, криптоактивтерге ерекше назар аударуды тапсырды. Ұлттық банктің инвестициялық корпорациясы негізінде Цифрлық активтердің мемлекеттік қоры құрылады. Сарапшы бұл құрылымда қандай актив түрлері жинақталуы мүмкін екенін айтты.
Қажыкелді Шамбыл, экономика ғылымдарының Phd кандидаты:
- Біріншіден, әсіресе Америка компанияларында кеңінен таралған, криптовалютаның түрін шығару. Екінші, мұнайдың кейбір өнімін токен қылу. Қазақстанда оның екеуіне де мүмкіндік бар. Енді криптовалюта түсінікті, жарайды. Ал токен жағы күрделі. +Мысалы, Қазақстан кеп, осындай көлемде мұнай алуға деген өзіміздің міндеттемемізді аламыз деп блокчейн арқылы бекітеді. Сол цифрлық актив.
Толық цифрланған алғашқы қала атанатын Алатау ситиде тауарлар мен қызметтер ақысы криптовалютамен төленеді. Сондағы тәжірибе негізінде келешектегі төлем құралы одан әрі жетілдіріледі. Қазір CryptoCity эксперименталдық аймағы құрылып жатыр. Халықаралық сарапшының айтуынша, криптовалюта әлемдегі экономикалық үдерісті өзгертті.
Кэтрин Чен, халықаралық сарапшы:
- Әлемдік деңгейде алып қарағанда криптовалюта бірнеше процесті жеңілдетіп, тиімділігін арттырып отыр. Әсіресе ақша аударымдарына қатты әсер етті. Себебі дамушы елдерде адамдарға доллар сияқты құнды валюталарға қол жеткізу қиын. Сонымен қатар криптовалюталар блокчейн технологиясына негізделгендіктен, ақша аударымдары жылдам жүреді. Дәстүрлі әдіспен халықаралық төлем үш күнге дейін созылуы мүмкін. Оның үстіне комиссия ұстап қалады. Ал криптовалютада оның пайызы төмен және бір сәтте аударым жасайсыз. Бұның өзі әлемдік аренада оның болашағы зор екенін көрсетіп отыр.
Цифрлық жүйе мен жасанды интеллект кез келген елдің әлеуметтік-экономикалық жай-күйіне тікелей әсер етеді. Соның ішінде цифрлық активтердің рөлі маңызды болғалы тұр. Қазақстан бұл бағытта қазірден-ақ көші ілгері елдердің қатарына енуге талпынып жатыр.
Авторы: Еркебұлан Смадияров