Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Польша Республикасына жұмыс сапары аясында электоралдық үдеріс мәселелері бойынша халықаралық әріптестермен екіжақты кездесулер өткізді. Іс-шараларға ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерман да қатысты.
ОСК бастамасымен алғаш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ДИАҚБ) директоры Мария Телалианмен кездесу Варшава қаласындағы ЕҚЫҰ ДИАҚБ-ның штаб-пәтерінде өтті. Кездесу барысында ОСК төрағасы Нұрлан Әбдіров Мария Телалианды осы қызметіне жақында ғана тағайындалуымен құттықтап, табыс тіледі. Сондай-ақ ол Қазақстанның ЕҚЫҰ ДИАҚБ-мен сындарлы диалогті дәстүрлі түрде жоғары бағалайтынын және оның байқау миссияларының қорытынды ұсынымдарына мұқият қарайтынын атап өтті.
«Біз бюро ұсынымдарын ОСК жанындағы Сарапшылық кеңесте азаматтық қоғам өкілдерінің, оның ішінде Жас сайлаушылар клубының және Мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтары жөніндегі жұмыс тобының қатысуымен жүйелі түрде талқылаймыз», деді ОСК басшысы.
Н.Әбдіров ЕҚЫҰ ДИАҚБ-мен ынтымақтастық Қазақстанға басқа елдердегі сайлауларды байқауға ғана емес, сонымен қатар ДИАҚБ-ның ұзақ және қысқамерзімді миссиялары аясында байқаушы ретінде қатысуға мүмкіндік беретінін айтты. Бұл Қазақстанның халықаралық конференцияларға қатысуына жол ашады және электоралдық өзгерістер үдерісінде белсенді болуға мүмкіндік береді.
Бұған қоса ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамашылық еткен конституциялық реформалар аясында Қазақстандағы сайлау жүйесінің трансформациясы туралы кеңінен баяндап, бұл өзгерістер қоғам сұранысына негізделгенін атап өтті. Осынау трансформация ЕҚЫҰ ДИАҚБ басшылығының қызығушылығын туғызды.
«Ең алдымен, бұл сапардың өте пайдалы болғанын айтуым керек. Ол Қазақстанның Орталық сайлау комиссиясы сайлауды байқау мәселелері бойынша ДИАҚБ-мен сындарлы диалог жүргізуге шынымен де ниетті екенін дәлелдейді. Бұл кездесу болашақта да ынтымақтастықты жалғастыруға дайындық бар екенін айқын көрсетті. Біз мұндай өзара іс-қимылды дамыту әлеуетін көріп отырмыз», деді М.Телалиан.
Кездесу барысында тараптар сараптамалық консультацияларды тұрақты түрде өткізуге ниетті екенін растады. Сонымен қатар сайлауды ұйымдастыру, мониторинг жүргізу тәжірибесі және Астанадағы ЕҚЫҰ бағдарламалар кеңсесімен өзара іс-қимыл мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ Нұрлан Әбдіров осы сапары барысында Польша Республикасының Ұлттық сайлау комиссиясының төрағасы Сильвестр Марчинякпен кездесті. Кездесу барысында ОСК төрағасы 2025 жылғы 18 мамырда өткен президенттік сайлаудың бірінші турының сәтті өтуімен әріптесін құттықтады.
Бұған қоса сайлау науқандары кезіндегі жалған ақпарат пен дипфейктерге қарсы күрес тақырыбына ерекше назар аударылды. Н.Әбдіров осы бағыттағы тәжірибе алмасуға мүдделілік танытып, цифрлық ортадағы заманауи қауіптерге қарсы тұра алатын тұрақты тетіктер қалыптастырудың маңызын атап өтті.
Тараптар электоралдық өзекті мәселелер бойынша сараптамалық консультациялар өткізуді қоса алғанда екіжақты ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін талқылады.
Кездесу соңында қазақстандық делегация поляк әріптестеріне ОСК әзірлеген ғылыми басылымдарды, оның ішінде ағылшын тіліндегі «Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына – 30 жыл. Қазақстан Республикасы сайлау жүйесінің трансформациясы» атты монографияны және «Конституциялық реформа және сайлау жүйесі» халықаралық конференциясының материалдар жинағын табыстады.
Сондай-ақ ОСК төрағасы Польшадағы президенттік сайлауды байқау бойынша ЕҚЫҰ ДИАҚБ миссиясының баспасөз конференциясының жұмысына қатысты.