Қазақстан ITF-тағы (Халықаралық теннис федерациясы) өзінің дауыс санын көбейтті.
Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы теннис федерациясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Халықаралық теннис федерациясының жыл сайынғы жалпы жиналысында 200 ұлттық делегация өкілдері Қазақстан рөлін нығайту мәселесі бойынша дауыс берді. Шешім басым көпшілікпен – 91 пайыз дауыспен қолдау тауыпты. Қазақстанға дауыс саны 12-нің ішінен жетіден тоғызға дейін ұлғайтылды. Бұл – алты деңгейдің ішінен екінші нәтиже.
Елдер мынадай қағидалар бойынша бөлінеді: 5 елдің 12 даусы, Қазақстанмен бірге 15 елдің 9, 10 елдің 7 даусы бар. Енді біздің еліміз ITF-қа ықпалы жөнінен Италия, Чехия, Канада, Испания, Швеция, Швейцария, Қытай, Жапония және басқа елдермен бір қатарда. ITF-қа кіретін елдердің дауыстары шешім қабылдаған кезде әлемдегі теннистің дамуына ықпал етеді.
Осылайша, Қазақстан теннистің жалпы даму деңгейі жөнінен әлемдегі 10 елдің қатарына ресми түрде енді.
Қазақстан теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов бұл жетістіктің маңыздылығын атап көрсетті: «Бүкіл әлемнің ұлттық федерацияларының халықаралық жиналысы елдегі теннистің дамуын, жасөспірімдеріміздің, ересектер ұлттық құрамаларының жетістіктерін, сондай-ақ бұқаралық спорт пен теннис инфрақұрылымының деңгейін тәуелсіз бағалау негізінде Қазақстанның дауысын көбейту туралы шешім қабылдады. Енді Қазақстан әлемдегі мықты теннис елдерінің қатарына заңды түрде кіреді».
Шешім қабылдау кезінде мынадай факторлар: тенниспен айналысушылар саны, арбадағы теннистің дамуы, корттар саны, ұлттық құрамалар нәтижелері, соның ішінде ойыншылардың Олимпиада, Дэвис кубогы және Билли Джин Кинг кубогы командалық жарыстарындағы көрсеткіштері ескерілді.
Қазіргі таңда Қазақстанда 17,5 мыңнан астам бала тенниспен тұрақты айналысып, турнирлерге қатысуда. Елде жыл сайын 250-ден астам, соның ішінде 40-тан астам халықаралық жарыстар өткізіледі.
Қазақстан теннис федерациясы бұқаралық спортқа, балалар мен жасөспірімдер теннисі және инклюзивтік спортты дамытуға баса көңіл бөледі. Теннисті дамыту бойынша халықаралық жобаларға қатыса отырып, ITF-тың сенімді серіктесі ретінде үнемі бірлесе қызмет етеді. Федерация атап өткеніндей, бұл шешім – қазақстандық теннисте соңғы жылдары қол жеткізілген зор өзгерістерді мойындаудың белгісі.