Мойынты-Қызылжар теміржол желісінің Ұлытау облысы аумағындағы бөлігінде құрылыс қарқынды жүруде. Жұмыс екі ауысыммен жүріп жатыр. Мердігерлер: «Қар түскенше жолдың негізгі табанын төсеп алуымыз керек», — дейді. Елдің транзиттік әлеуетін арттыратын жоба құрылысы көктемде басталды. Толық жүзеге асқанда Транскаспий халықаралық көлік бағыты тағы 150 шақырымға қысқарады.
Қазір жұмыстың бір бөлігі Қаржал қаласының төңірегінде де қызып жатыр.
Елдос Кәкенов, тілші:
- Мойынты-Қызылжар теміржолының жалпы ұзындығы 323 километр. Оның 175 шақырымы Ұлытау облысы аумағынан өтеді. Құрылыс жұмыстары мамыр айында басталған. Мердігерлер қазір жер жұмыстарымен айналысып жатыр. қар түскенше жолдың негізгі табанын төсеп, су өткізу құбырларын салып алуды көздеп отыр.
Құрылысқа 10-нан астам қосалқы мердігерлік ұйым жұмылдырылған. Жұмыс он үш учаскеде тәулік бойы жүріп жатыр. Мың жарым адам мен 750-ден астам техника тартылған. Жол бойына 14 разъезд, 40 көпір мен жануарлар өткелі және 100-ден астам суағар салынады.
Тимур Жанұзақов бас мердігер мекеменің өкілі:
- Біз қазірдің өзінде жер жұмыстарының 80 пайызын аяқтап үлгердік. Шамамен бір айдың көлемінде теміржол рельстерін төсей бастаймыз. Қазір қажетті шпал мен рельстер арнайы базада дайындалып жатыр. Теміржол құрылысы екі бағыттан қатарбасталып, жобамен осы Ақтау ауылы маңында түйісетін болады.
Жобасы аясында Қызылжар мен Мойынты станциялары кеңейтіліп, жаңғыртудан өтеді. Одан бөлек Қаражал қаласы мен Ақтау ауылында жаңадан станция салынады. Мамандардың айтуынша, теміржол желісі транзиттік тасымалды жеңілдетіп қана қоймай, өңірлік экономикаға да тың серпін береді. Өндірісті өңірдің өнімін нарыққа шығаруға мүмкіндік кеңейеді.
Берік Букаев, "Қазақстан Темір Жолы" Ұлттық Компаниясы’’ АҚ бас менеджері:
- Қазақстанның транзиттік потенциалын көбейтеді. Қазақстанның теміржолы арқылы енді жүк тасымалы бірнеше миллион тоннаға көбейеді. Ол жүктің бәрі Достық станциясынан Мойынты-Қызылжар-Жезқазған-Сексеуіл-Шалқар-Бейнеу арқылы Құрық және Ақтау портына барып, әрі қарай Еуропаға, бас елдерге жүк тасымалы көбейеді.
Құрылыс кесте бойынша жүріп жатыр, дейді мамандар. Жұмыс қыста да тоқтамайды. Жоба келесі жылдың аяғында тапсырылады.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева