Өскемен қаласындағы полиция бекетіне мүмкіндігі шектеулі азаматтар кіре алмай отыр, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ғимарат алдында бірнеше баспалдақ бар, алайда пандус мүлде орнатылмаған. Бұл – қолжетімді орта құру туралы заңның өрескел бұзылуы. Қолданыстағы талаптарға сәйкес, егер ғимараттың кіреберісіндегі биіктік айырмасы 4 сантиметрден асса, пандус орнату міндетті. Бұл ереже барлық мемлекеттік және қоғамдық нысандарға, соның ішінде полиция бөлімшелеріне де қатысты. Мамандардың айтуынша, пандус орнату тек формалдық емес, бұл – азаматтардың конституциялық құқығын қорғау.
«Мүгедектігі бар адам полицияға арыздануға келсе, ол есіктің алдында тұрып қалмауы керек. Мемлекеттік мекеме ең алдымен халыққа тең қолжетімділікті қамтамасыз етуі тиіс», – дейді қоғам белсенділері.
Заң бойынша қолжетімді орта талаптарын бұзған мекемелерге әкімшілік жаза қарастырылған. Лауазымды тұлғалар – 50 АЕК, Шағын бизнес – 120 АЕК, Орта бизнес – 200 АЕК, Ірі кәсіпорындар – 400 АЕК көлемінде айыппұл төлейді. Қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері ұлғаяды. Пандус орнату үшін арнайы техникалық талаптар бар: көлбеу бұрышы 8%-дан аспауы, ені кемінде 90 см болуы, беті тайғанамайтын материалдан жасалуы тиіс. Сондай-ақ 70–90 см биіктікте тұтқалар орнатылуы қажет. Егер мекеме пандус орнатудан бас тартса, тұрғындар прокуратураға немесе Мемлекеттік тұрғын үй инспекциясына шағымдана алады. Қала тұрғындары әлеуметтік желіде әкімдік пен полиция басшылығына үндеу жолдады:
«Полицияның өзі заң бұзып отыр. Қарапайым азаматтар қайда жүгінуі керек?» – деп жазады олар.