Deutsche Welle агенттігінің хабарлауынша , АҚШ-та президент Дональд Трамптың танымалдығы күрт төмендеп, рекордтық ең төмен деңгейге жетті. Мұндай қорытындыны Reuters және Ipsos зерттеу компаниялары жүргізген жаңа сауалнама көрсетті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Зерттеу нәтижесіне сәйкес, америкалықтардың небәрі 40%-ы Трамптың қызметіне оң баға беріп отыр. Бұл көрсеткіш бір апта бұрынғы деңгейден 2 пайызға төмен. Ал президенттің жұмысын мүлде құптамайтындардың үлесі 57%-ға дейін өскен.

Сауалнамаға қатысушылардың басым бөлігі Трамптың елдегі тұрғындар шығындарының өсуімен күрес жүргізудегі әлсіз әрекеттеріне наразы. Респонденттердің 63%-ы келіспейтінін айтқан.

Reuters дерегінше, Трамп билікке келгеннен бері инфляция деңгейі еңбек нарығының баяулауына қарамастан өсіп отыр. Бұл жағдай АҚШ-тың Орталық банкін пайыздық мөлшерлемелерді төмендетуге мәжбүр етті.

Салыстырмалы түрде алғанда, Трамптың алдындағы президент Джо Байденнің ең төмен танымалдық деңгейі 36% болған. Бұл көрсеткіш 2024 жылдың мамыр айында тіркелген еді.