Танымал тележүргізуші Дана Нұржігіт еліміздегі зияткерлік мектепте болған шулы оқиғаға қатысты өз ойын білдірді.

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.

Тележүргізушінің сөзінше мұғалім мәртебесі туралы заңды нақты орындайтын уақыт жеткен.

«НЗМ болып жатқан жағдайға байланысты ойым:

Мына жерде Бата беріп отырған апамыз менің мектептегі класс жетекшім,қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі — Жәния Сұрағанқызы Мусина. Тілге деген құштарлығымды шыңдаған, шабытыма қанат бітірген ұстазым. Өте-өте қатал,өте талапшыл, тілімен осып алатын, кейде басымыздан нұқып та алатын,жаным,апайым! Жақсы болсын дедіңіз, қолыңнан келеді,ойлан дедіңіз! Өйткені менен көп нәрсе күттіңіз,қабілетімді көрдіңіз! Мың алғыс Сізге!

Екінші фотода қасымда тұрған 5 сыныбымнан фортепиано аспабына баулыған мұғалімім Әлия Ысқаққызы. Өте талапшыл, менің қырсықтығымды үндемей жеңетін, масаттанып кетпесін дей ме көзіме мақтамай,сыртымнан қорғаштап,сыртымнан төбесіне көтеретін ұстамды,көп сөйлемейтін, әдемі сөйлеп,әдемі киініп жүретін, интернатқа өзі іздеп сабаққа алып кететін ұстазым менің. Мың алғыс Сізге!

Үшінші суреттегі ұлым Әлімді бастауышта “Әлім нағыз лидер, ол өте мейірімді,басқа балаларға жаны ашып тұрады,тек еркелігі бар”деп басынан сипап, ақылын айтатын, осы күнге дейін отбасымыздың ең жақын адамы болып кеткен мұғаліміміз-Әсем апай. Мың-мың алғыс сіздерге!

Ал енді дәл осы ұстаздарымдай адамның тәртіпті талап етіп тұрған жерінде жұрттың көзінше мен “Ш…ва!” деп айтуымды көзге де елестете алмаймын! Ол мүмкін емес!

Мұғалімді жер қылуды қашан қоямыз?! Балалық дейсіз бе? Біз де бала болдық!

Бұл жердегі сөз, айналып келгенде, ішкі мәдениет туралы. Солай айтуға өзіне өзі рұқсат беретін адамның ісі.

Мектептің “оқудан шығарамыз” дегені де ашынудан шығар деймін. Балалықтың да шегі бар дегені болуы керек. Өйткені үлкендер түгілі балалардың ауызынан көшеде жүрсең де, аулада тұрсаң да ақ ит кіріп, көк ит шығып жатады. Бұл боқтап сөйлеудің нормаға айналғаны. Бітті.

Бұл оқиға бәрімізге “тәк” дейтін меже. Мұғалімнің мәртебесі Заң дедік пе,заңды да қолбала қылмайық!», — деп жазды тележүргізуші.