Алматыда Назарбаев мектебінен шығарылған шәкірт мемлекеттік мектепке ауысты. Білім ошағының әкімшілігі педагогикалық кеңесте қаралған шешімді өзгеріссіз қалдырды. Бұл туралы «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының басқарма төрағасы Әнуар Жанғозин хабарлады. Оның сөзінше, Назарбаев Зияткерлік мектебі өз шешімін өзгертпейді, Сұңқар Майқан мектептен шығарылды. Оқушының ата-анасы тарапынан ешқандай қарсылық жоқ. Еске салайын, оқу жылы аяқталар тұста 11-сынып оқушысы сабақтан шеттетілген. Мектеп басшылығының сөзінше, Сұңқар Майқан емтихан ережесін өрескел бұзып қана қоймай, ұстазды балағаттаған. Даулы мәселені Оқу-ағарту министрінің өзі жеке бақылауына алған еді.

Жазира Оразқызы