Алматыда қуаты үш балдық жер сілкінісі болды. Төтенше жағдайлар министрлігінің сейсмикалық стансалары дүмпуді 12:44-те тіркеген. Қалада дабыл қағылып, смартфондарға дереу хабарлама түсті.
Алматы тұрғындары лезде далаға шығып, қауіпсіз орындарға жиналды. Жарты сағаттай сыртта жүрген соң қайта оралды. Сейсмология институтының мәліметінше, бүгінгі жер сілкінісінің ошағы оңтүстік-шығысқа қарай 277 шақырым жерде Қытай аумағында орналасқан. «Қазселденқорғау» мекемесі өзен арналарын, гидротехникалық нысандарға мониторинг жүргізді. Қираулар мен зардап шеккендер туралы мәлімет түскен жоқ. Дегенмен осы жағдайға байланысты жедел психологиялық көмекке арналған «сенім телефоны» ашылды. Сондай-ақ ғалымдар өз болжамын білдірді.
Ерік Әліпұлы, Сейсмологиялық байқау және зерттеулер ұлттық ғылыми орталығы директорының орынбасары:
- Қалыптасқан сейсмикалық жағдайды талдай келе 2025 жылы сағат 15:00-тегі Алматы болжау полигонында сейсмикалық жағдай тұрақты екенін атап өтеміз. Алматы болжамдық полигонының аумағында MSK 64K сейсмикалық шкаласы бойынша қатты жер сілкіністері күтілмейді.