Абай облысында еріктілікті өмір салтына айналдырған жас көшбасшы көпке үлгі болып жүр.

Семейлік оқушы Еділ Төкен 3 жылдан бері волонтёрлікпен айналысып келеді. Бүгінде 50-ден астам оқушыны біріктіріп, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүр. Оның бастамасымен жастар Абай Құнанбайұлының 180 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған шараларға белсенді қатысқан. 11-сынып оқушысы бүгінде облыстық үйлестіру кеңесінің тұрақты мүшесі.

Гимназиядағы еріктілердің кезекті жұмысы қызу жүріп жатыр. Бұл топтың бастамалары соңғы жылдары мектеппен шектелмей, облыстық деңгейге дейін жеткен. Биыл Ұлы Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай

Еділ 30-ға жуық оқушыны бір арнаға тоғыстырып, Қарауылтөбеде өткен мерекелік шараға қатысқан. Ағылшын тілін жетік меңгерген жас жігіт халықаралық поэзия фестивалі кезінде аудармашы болып, шетелдік қонақтармен жұмыс істеген.

Еділ Төкен, ерікті:

- Енді біздегі бір тенденциялардың бірі мен істемеуім керек анау істеуі керек. Анау істемеуі керек мынау істеуі керек деп бір-бірімізге жауапкершілікті арқалау арқылы біз көп жағдайда мәселенің шешімін таппай жатамыз. Осы орайда волонтёрлердің оның ішінде жас еріктілердің рөлі айрықша маңызды. Өйткені қоғам алдына шығып мынау экологиялық болсын, социумдағы әлеуметтік жобалар болсын барлығы іске асыру бұл тікелей еріктілердің қолында деп білемін.

Еділ Ролланұлы облыстық үйлестіру кеңесінің тұрақты мүшесі. Жыл сайын өтетін түрлі форумдарда жастарға бағыт-бағдар беріп, тәжірибесімен бөлісіп жүр. Жас еріктінің ұстанымы оқушылар арасында үлкен серпіліс тудырған.

Ғалия Ағыбаева, сынып жетекшісі:

- Ерікті деген қазіргі қоғамда өте қажет. Саналы түрде осы ерікті деген сөздің ұғымын түсіне біліп өз еріктерімен осындай қоғамдық жұмыстарға белсене қатысып жүр. Әрине Еділ біздің гимназияның ғана емес, өңірдің облыстың іс-шараларынан тыс қалған емес.

Белсенді оқушы еріктілердің әрбір шарасының бел ортасында жүреді. Оның бастамалары достарының да қызығушылығын оятып, әлеуметтік жобаларға белсенді араласуына сеп болып отыр. Жалпы Абай облысында 5 мыңнан астам волонтёр өз еркімен қоғамға пайдасын тигізіп жүр.

Әмір Маратов, ерікті:

- Еріктілік жолды досым Еділ екеуміз бірге бастаған болатынбыз. Мектеп қабырғасындағы шаралардан бастап «Жел елшілері» сияқты экологиялық қозғалысқа жетіп, қоғамға пайдамызды тигізіп келе жатырмыз. Жалпы еріктілік мен үшін қоғамға деген пайдам. Қоғамға пайданы тигізу, қоршаған ортаны аялау жүрегімді тыныштандырады.

Туған өлкесіне жанашырлық танытып, әлеуметтік жобаларды жүзеге асырып жүрген Еділ көпке үлгі. Оның айтуынша волонтёр болу жай жұмыс емес, мейірімділік пен азаматтық сананың айқын көрінісі. Осы еңбегі еленіп, биыл 11-сынып оқушысы «Үздік жас волонтёр» атанды.

Рүстем Қайратұлы, Мәди Базарбеков