Сәтбаев қаласында 500-ге жуық тұрғын құқықтық кеңес алды.
Қала әкімдігі, прокуратура, полиция бөлімі және төтенше жағдайлар қызметі өкілдерінің қатысуымен ауқымды форум өтті. «Заң мен тәртіп» қағидатын ілгерілету аясында ұйымдастырылған шарада интернет алаяқтық және жасөспірімдерге қарсы қылмыстардың алдын алу жолдары талқыланды.
Балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу қоғам алдында тұрған басты міндеттердің бірі. Заң өкілдері жастардың көбі өз құқығын білмеген соң түрлі жағдайларға ұрынып қалып жатады дейді. Сондықтан форумға негізінен бала тәрбиесіне тікелей жауапты педагогтар, психолог мамандар мен ата-аналар комитетінің мүшелері шақырылды.
Өмірзақ Әлиев, Сәтбаев қаласы прокурорының орынбасары:
- Тәрбие үйден басталады. Үйде ата-ана жауапты балаға. Ал мектепке оқуға барғанда мұғалім, педагог жауапты. Сол себептен сол кісілердің барлығын шақыртыпескерту жұмыстарын жүргізіп, қандай әрекеттердің істеуге болмайтынын, балаға деген қандай ілім-білім беру керектігін айтып өттік.
Биыл былтырғы жылмен салыстырғанда Сәтбаев қаласы бойынша алаяқтарға алданғандардың саны екі есеге артқан. Жасөспірімдерге қатысты қылмыстар да тиылмай тұр. Форумда құқық қорғау қызметкерлері ғаламтор арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттердің кең тараған түрлері туралы ақпарат беріп, ата-ана мен бала құқығына қатысты сауалдарға жауап берді.
Мөлдір Қалмағамбетова, Сәтбаев қаласының тұрғыны:
- Алаяқтарға алдану мәселелері өте көп. Нашақорлық дейді, көптеген балаларды алдап неше түрлі қылмыстарға итермелеп жатыр. Сол себепті балаларымыздың болашағы үшін біз көп ықпал етіп, осындай форумдар жиі өткізіп, ата-ана, ұстаздар бірлесіп көптеген жұмыстар жасасақ деген ниеттеміз.
Форум соңында қатысушылар тест түрінде қойылған интернет алаяқтыққа қатысты сауалдарға жауап берді. Белсенділік танытып, жеңімпаз атанған жастарға естелік сыйлықтар табысталды.
Елдос Кәкенов, Нұрлан Исмалов