Жамбыл облысында мектеп ұстаздары Этно-ауыл кешенін жасады. Ұлттық құндылықты ұлықтайтын жоба Көкбастау ауылындағы орта мектепте ашылды.
Ұстаздар бастамасын ауыл тұрғындары да қолдап, қолда бар көне жәдігерлерді тапсырған. Мұнда алтыбақанның кішірейген макеті, сауыт сайман мен ер тұрман, ұлттық ас түрлері қойылған. Киіз үй мен қазақтың жеті қазынасы да көрініс тапқан. Кешеннің ашылу салтанатында әжелер оқушыларға қолөнер түрлерін көрсетіп, салт-дәстүрге баулыды. «Орталық жас ұрпақтың рухани дамуына, ұлттық құндылықтарды танып ата-баба мұрасын құрметтеуге үлес қосады», — дейді жауаптылар.
Ерлан Сейдаханов, Байзақ аудандық білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Қолданыста болған заттарды болашақ жастарға тәрбие есебінде көрсетіп, жойылмау мақсатында осындай ұлттық нақыштағы дүниелерді қойып, бүгінгі таңда осындай іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Аллея болғаннан кейін бұл жерде оқушылар келіп өздерінің тағы да болашақта қосымша қолдан жасалған бұйымдарын қоятын болады. Болашақта бұл ауданда өзінің жалғасын табады.