Оң көрсеткіштер қалаға қызығушылықтың тұрақты өсіп отырғанын айғақтайды. Туристер легінің артуы инфрақұрылымды дамыту, қызмет көрсету сапасын жақсарту және Алматының халықаралық танымалдығын кеңейту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардың тиімділігін көрсетіп отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
2025 жылдың 9 айында мегаполиске 1 869 375 адам келген. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 8,1%-ға артық (1 729 601 адам). Солардың ішінде 563 мыңы шетелдік туристер болып, 11%-ға өсті. Ал 1,3 млн ішкі саяхатшылар, олардың саны 6,9%-ға артқан.
Ресейден 124,2 мың адам келген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 5,7%-ға көп. Қытайдан келген қонақтар саны 102,1 мың адамға жетіп, бірден 39,2%-ға өсті. Үндістаннан келгендер легі 85,6 мың адамға жетіп, 3,5% өсім көрсетті.
Сондай-ақ шетелдік туристер саны бойынша көш бастап тұрған елдер қатарында Түркия (28 670 адам, өсім 9,1%), Корея Республикасы (18 535 адам, өсім 17,5%), Германия (12 549 адам, өсім 15,6%), Қырғызстан (12 356 адам, өсім 18,9%), Өзбекстан (12 259 адам, өсім 8,9%), Ұлыбритания (10 143 адам, өсім 7,1%), Италия (7 637 адам, өсім 28,5%), Сауд Арабиясы (6 750 адам, өсім 5,2%), Малайзия (5 773 адам, өсім 16,9%), Франция (4 688 адам, өсім 25,4%) бар.
Қала әкімдігінің мәліметінше, халықаралық деңгейде танылу жүргізіліп жатқан жұмыстың тиімділігін растайды. Алматы биыл баруға ұсынылған бағыттар тізіміне Cable News Network (CNN) арнасы тарапынан енгізілді, ал британдық The Telegraph басылымы Алматыны «Орталық Азияның інжу-маржаны» деп атады. Booking.com талдамалы дерегінше, Алматы Орталық Азиядағы туристік бағыттар арасында ең жылдам дамып келе жатқан ондыққа енеді.