Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Сот жюриінің кезекті отырысы өтті. Сот істерін қарау кезінде заңдылықты өрескел бұзғаны үшін 4 судьяға тәртіптік жаза (2-еуіне ескерту, 2-еуіне сөгіс) қолданылды. Ал 3 судьяның әрекеттерінде тәртіптік теріс қылықтың болмауына байланысты іс тоқтатылды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сот жюриінің шешімдері заңды күшіне енбеді, өйткені судья тәртіптік жазаға шағымдану құқығын пайдаланып, Жоғары Сот Кеңесіне жүгінуге құқылы.
Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Малаховтың басшылығымен Сот жюриінің жұмысы қайта ұйымдастырылып, тәртіптік рәсімдердің ашықтығы күшейтілді. Адал судьяларды сот басшылығы тарапынан болуы мүмкін қысымнан қорғау тетіктері нығайтылды. Мұндай тәсіл судьялардың тәуелсіздігін арттырып, олардың конституциялық құқықтарының сақталуына кепілдік береді және тәртіптік материалдарды қарау жүйесіне деген сенімді күшейтеді.