Елде кейінгі 3 жылда алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуге арналған 645 нысан салынды. Нәтижесінде 170 мың адамға медициналық қызмет қолжетімді бола түсті. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет қабырғасында Премьер-министрдің орынбасары — Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен отырыста айтты.

Кездесуде «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының орындалу барысы талқыланды. Жыл соңына дейін тағы 10 медицина нысанының құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Бұдан бөлек 32 аудандық аурухана көпбейінді орталық санатына дейін жаңғыртылды. Үш жыл ішінде ауруханаларды жөндеуге шамамен 70 млрд теңге бөлінді. Жиында кадр тапшылығы мәселесі қаралды. Аида Балаеваның айтуынша, заманауи инфрақұрылым құру кезінде де жоғарыда айтылған түйткілді қаперден шығаруға әсте болмайды. Қазірдің өзінде ірі қалаларда ауқымы тар салалық мамандар жетіспейді. Ал жаңа нысандардың пайда болуы қосымша қызметкерлерді талап етеді. Осыған байланысты вице-премьер заманауи инфрақұрылыммен қатар адамдар сапалы медициналық қызмет алу үшін барлық тетікті жүйелі түрде жетілдіру қажет екеніне баса назар аударды.