Каспий құбыр консорциумына жасалған соңғы шабуылдан кейінгі шығындар есептеліп жатыр.

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов бағалау жұмыстары басталғанын, әрі нақты сома бойынша мәлімет тек содан кейін ғана белгілі болатынын жеткізді. Сондай-ақ Ақкенженов тасымал бағытында елдің 4 млн тонна мұнайдан айырылғанын теріске шығарды. Министр аса маңызды инфрақұрылымға шабуыл жасауға жол берілмеуі тиіс екенін айтты. Қазақстанда өндірілетін мұнайдың 80 пайызы каспий құбыр консорциумы арқылы экспортталады. Консорциум халықаралық заңнамаға сәйкес құрылған және оның басым бөлігі – Еуропа, АҚШ және Қазақстан компанияларының меншігінде. Тек аз бөлігі ресейлік компанияға тиесілі.

Ерлан Ақкенженов, ҚР Энергетика министрі:

- Сыртқы істер министрлігінің саяси мәлімдемесіне сәйкес, Қазақстан аса маңызды инфрақұрылымға мұндай шабуылды айыптайды. Біз оған жол беруге болмайды деп санаймыз. Оқиғаның одан ары қалай өрбитініне Сыртқы істер министрлігі түсініктеме береді деп ойлаймын. Энергетика министрлігі тарапынан саяси мәлімдеме болуы мүмкін емес. Біз энергетика саласындағы саясатты жүзеге асыратын органбыз.