Брюссельде Тәуелсіздік күні және Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы Кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастық келісімінің 10 жылдығына орай салтанатты жиын өтті.

Іс-шараға Еуропалық комиссия, Федералдық парламент, Бельгия Сыртқы істер министрлігі мен іскерлік және сарапшылық орта өкілдері қатысты. Бельгия Корольдігіндегі елші әрі Еуроодақ және НАТО жанындағы миссияның жетекшісі Роман Василенко келісім іске асқан жылдар ішінде Еуроодақпен қарым-қатынас стратегиялық әріптестік деңгейіне көтерілгенін айтты. Жасыл энергетика, шикізат, көлік және цифрландыру салаларындағы ынтымақтастықтың кеңейіп келе жатқанына ерекше тоқталды. Тараптар тұрақты серіктестіктің қарқын алғанын, оны одан әрі нығайтудың маңыздылығын атап өтті. Қонақтарға Қазақстан сәнінің өзіндік ерекшелігін танытатын қазақы стильдегі топтама ұсынылды.

Эдуардс Стипрайс, Еуропалық Одақтың Орталық Азия бойынша арнайы өкілі:

- Біз келісімге Еуроодақ пен Қазақстан ынтымақтаса алатын жаңа деңгейлер мен бағыттарды жыл сайын қосып келеміз. Ерекше қуана айтарым, мерейтой қарсаңында біз Еуроодақ пен Қазақстан арасындағы виза режимін жеңілдету туралы келісөздерді бастап кеттік.