Елімізде алдағы жазғы маусымда қосымша 12 теміржол бағыты ұйымдастырылады. Оның 9-ы айдынды Алакөлге бөлінген. Тасымалдың қолжетімдігін қамтамасыз ету мақсатында қосымша 300 мың орын құру көзделіп отыр. Мұнымен қоса Қарағандыдан Астанаға, Астанадан Бурабайға баратын жаңа екі электропойыз бағдары да іске қосылмақ. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Көлік министрлігінің өкілдері хабарлады.
Мамандар ақпарынша, жолаушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында 1300-ден астам бейнебақылау камералары орнатылған. Мұндай құрылғылар алдағы екі жылда барлық пойызға орнатылады. Жалпы 2030 жылға дейін 873 вагон сатып алынып, қолданыстағы 90%-і жаңаланбақ.
Жәнібек Тайжанов, ҚР Көлік министрлігі Теміржол және су көлігі комитетінің төрағасы:
- Мемлекет басшысының Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес қаңтар айынан бастап Астана – Бурабай курорты бағыты бойынша жаңа вагондардан құралған жедел электр пойызы іске қосылды. Жол жүру уақыты 2,5 сағат. Осындай жаңа электр пойызы осы жылдың жазында келіп, Қарағанды – Астана бағытын жаңартуға бағытталады. 2024 жылдың 4-ші тоқсанынан бастап Қарағанды мен Павлодардан Бурабай курортына дейінгі электр пойыздарының бағыттары ұзартылды.