2025 жылдың басынан бері елде көпбалалы отбасылар мен наградталған аналарға берілетін мемлекеттік жәрдемақылармен 847,9 мың адам қамтылды. Төленген қаржы көлемі 555,8 млрд теңгеге жетті, деп жазады Egemen.kz.


Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері көпбалалы отбасыларға арналған жәрдемақыны 604,2 мың отбасы алып, оған 484 млрд теңге бағытталған. Ал наградталған аналарға 243,7 мың адамға 71,8 млрд теңге төленді.

Ведомство дерегіне қарағанда, 2025 жылдың қараша айында аталған төлемдермен 861,6 мың адам қамтылып, жалпы сомасы 54,1 млрд теңгені құраған. Оның ішінде көпбалалы 615,3 мың отбасыға 47,5 млрд теңге, наградталған 246,3 мың адамға 6,6 млрд теңге берілген.

Көпбалалы отбасыларға жәрдемақы 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған баласы немесе күндізгі бөлімде оқитын, жасы 23-ке дейінгі студент баласы бар отбасыларға тағайындалады. Бұл ретте отбасының табыс деңгейі ескерілмейді.

2025 жылы төлем мөлшері бала санына қарай мынадай көлемде белгіленген:

  • 4 баласы бар отбасыларға – 16,03 АЕК немесе 63 030 теңге;

  • 5 баласы бар отбасыларға – 20,04 АЕК немесе 78 798 теңге;

  • 6 баласы бар отбасыларға – 24,05 АЕК немесе 94 565 теңге;

  • 7 баласы бар отбасыларға – 28,06 АЕК немесе 110 332 теңге;

  • 8 және одан көп баласы бар отбасыларға әр балаға 4 АЕК немесе 15 728 теңгеден.

Наградталған аналарға арналған жәрдемақы «Алтын алқа», «Күміс алқа» төсбелгілерімен марапатталған, сондай-ақ бұрын «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденінің I және II дәрежелерімен марапатталған аналарға тағайындалады.

Ай сайынғы төлем мөлшері:

  • «Күміс алқа» иегерлеріне – 6,40 АЕК немесе 25 165 теңге;

  • «Алтын алқа», «Батыр ана» атағын алған және «Ана даңқы» орденінің I және II дәрежелерімен марапатталған аналарға – 7,40 АЕК немесе 29 097 теңге.

Сонымен қатар 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап балалы отбасыларға арналған барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 6,5 пайызға артқан.