Түркістан облысы Қазығұрт ауданына қарасты Шарбұлақ елді мекенінде заманауи ашық және жабық үлгідегі спорт кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Ауыл тұрғындары үшін маңызды нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров қатысып, "Үлгілі ауыл" байқауында жеңімпаз атанған ауыл тұрғындарын қуанышты сәтпен құттықтады.
"Өздеріңізге белгілі, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз жолдауында "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы туралы бастама көтерген болатын. Бұл акция елімізде кең қолдау тауып, елді мекендерді абаттандыру, көгалдандыру және тазалық жұмыстарын жүргізу бойынша ауқымды іс-шаралар атқарылуда. Осы акция аясында ауылдық аймақтарда тұрғындар үшін қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру мақсатында облыс әкімдігінің бастамасымен "Үлгілі ауыл" облыстық байқауы ұйымдастырылды. Байқау нәтижесінде Шарбұлақ ауылы жеңімпаз болып танылып, тұрғындардың өтінішіне сәйкес осы спорт кешенін салуға қаражат бөлінді. Ашылып отырған спорт кешенінде спортшылар үшін барлық жағдай жасалған. Жаңа нысан Қазығұрт ауданының спорттық әлеуетін жаңа деңгейге көтереді деп сенемін", – деді Нұралхан Көшеров.
ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Болат Қалмұрзаев та құттықтау сөз сөйлеп, жаңа кешенде бұқаралық спорт дамитынына сенім білдірді. Сонымен бірге Сәкен Бибосынов, Қайрат Ералиев, Шынболат Райханов сынды әлем чемпиондары да жаңа спорт нысанына оң бағаларын берді.
Облыс әкімі мен ауыл ақсақалдары, қонақтар спорт кешенін ресми түрде ашқан соң нысанның ішін аралап, жаттығу залдарының жабдықталуымен танысты. Әкім жас спортшылармен кездесіп, оларға сәттілік тілеп, бұқаралық спортты дамыту өңір үшін басым бағыттардың бірі екенін атап өтті.
Спорт кешенінің құрылысын "VERTEX BUILD" ЖШС жүргізген. Жобаға 500 млн теңгеден астам қаржы қаралған. Спорт кешенінің жалпы аумағы – 2,83 гектар, ғимараттың ауданы – 1720 шаршы метрді құрайды. Нысанның ішкі бөлігінде күрес, бокс, заманауи тренажер залдары және жабық футбол манежі орналасқан. Ал сыртқы аумағында баскетбол, волейбол, футбол, жеңіл атлетика алаңдары, "street workout" (көше жаттығулары) құрылғылары мен балалар ойын алаңшалары орнатылған.
Қазіргі таңда спорт кешенінде бокс, еркін күрес және футбол спорт секциялары жұмыс істеп, 300-ге жуық жасөспірім тұрақты түрде спортпен айналысуда. Нысанның ашылуымен 10 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылды.
Айта кетейік, биыл Түркістан облысында 112 спорт нысанының құрылысы қолға алынған. Оның ішінде 102 спорт нысаны жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ал 10 нысанның құрылысы 2026 жылы аяқталады.
Мәтіннен қате тапсаңыз, бізге жазыңыз