Ол қалай және қашан іске асады?
Алматы метросында қауіпсіздік шаралары күшейтілмек. Caravan.kz медиа порталы жалғастырады.
Айта кетейік, 2024 жылы қайғылы оқиға орын алған еді. Алматы метросында 26 жастағы зағип жолаушы рельске құлап, мерт болған. Оқиға «Абай» станциясында болды. Қайғылы жағдайдан соң метродағы қауіпсіздік сұрағы күн тәртібінен түкен жоқ. Кейін жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қоршаулар орнатыла бастады. Олар метро тоқтаған кезде, вагондардың біріне-бірі жалғасқан тұсына дәлме-дәл келуі керек. Мұндай қоршауларды халық толық қабылдай алмағанын айта кеткен жөн.
Белгілі болғандай енді Алматы метросы толықтай платформалық қорғаныш есіктерімен жабдықталуы жоспарланып отыр. Бұл туралы «Метрополитен» КМК Tengrinews.kz редакциясының ресми сауалына берген жауабында хабарлады.
Жоба туралы не белгілі
Компания қазіргі уақытта мердігерді мемлекеттік сатып алу порталы арқылы анықтау жұмысын жүргізіп жатыр. Жоба конкурстық рәсім аяқталғаннан кейін жүзеге асырылады.
«Платформалық қорғаныш есіктерді орнату жобасы мемлекеттік сатып алу порталында талқылау сатысында тұр. Мердігер конкурс аяқталғаннан кейін анықталады», – делінген ресми жауапта.
Қорғаныш есіктер ең алдымен «Райымбек батыр», «Байқоңыр», «Бауыржан Момышұлы» станцияларында орнатылады. Орнату кезегі жолаушылар ағынының көлеміне қарай айқындалады.
Жобаның құны мен мерзімі
Жобаны іске асыруға 8,2 млрд теңге қарастырылған. Жұмыстар барлық станцияларды есептегенде 2027 жылдың 31 желтоқсанына дейін аяқтау жоспарланған.
Журналистер мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметтерді зерделей келе, техникалық құжаттамада платформалық есіктерді метроның 11 қолданыстағы станциясына орнату көзделгенін нақтылады.
Ал салынып жатқан жаңа станциялар үшін әзірге мұндай есіктер қарастырылмаған. Дегенмен метрополитен өкілдері болашақта жаңа нысандардың жобалау құжаттарына да платформалық есіктер енгізілетінін атап өтті.
Әлемдік тәжірибе
Мұндай қорғаныш платформарылқ есіктер көптеген елдерде бұрыннан бар тәжірибе.
Сеул. Сеул метросының барлық станцияларында платформалық есіктер орнатылған. Бұл қауіпсіздік стандарты, яғни есіктер пойыздың келуімен синхорнды түрде ашылып, рельске құлап кетуден қорғайды.
Жапония, Токио. Токиода мұндай жүйелер жаңа және жаңғыртылған станцияларда белсенді түрде енгізілуде. Әсіресе жолаушылар ағыны көп желілерде кең таралған. Жапония оларды инфрақұрылымның міндетті элементіне айналдыру бағытында біртіндеп жұмыс жүргізіп келеді.
Сингапур. Платформалық есіктер бүкіл метро жүйесінде стандарт ретінде енгізілген алғашқы қалалардың бірі. Бұл жерде ол «нөлдік инциденттерге төзбеушілік» саясатының бір бөлігі болып табылады.
Гонконг. Метро станцияларының басым көпшілігі шыны платформалық есіктермен жабдықталған. Бұл шешім бірқатар оқиғалар мен платформалардың шамадан тыс толуы нәтижесінде енгізілген.
Франция, Париж. Парижде мұндай есіктер барлық жерде емес, бірақ автоматтандырылған метро желілерінде (мысалы, жаңа желілер мен жаңғыртылған станцияларда) белсенді түрде енгізіліп жатыр.