Ұлттық қордан ақша алынбайды. Себебі жаңа салық кірістері күтіліп отыр. Бүгін Мәжілісте өткен Үкімет сағатында Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты. Оның сөзінше, жаңа салық кодексіне сай өңірлерге жыл сайын қосымша 100 млрд теңге бөлінбек. Оның себебі не? Келер жылдың шығыны мен кірісі есептелген жиын жайлы тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес баяндайды.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Келесі жылға арнап биыл Ұлттық қордан нысаналы трансферт сұрамаймыз. Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин осылай дейді. Оның айтуынша, биыл бюджетке қомақты қаражат түсуі керек. Себебі жаңа салық кодексіне сай кіріс көлемі артады.

Серік Жұманғарин, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі:

Ол деген қазіргі уақытта есептегенде 3,2 трлн қаражат. Ұлттық қорда қалдырамыз. Себебі қазіргі таңда салық реформалары... Содан жаңа кірістер күтеміз. Неге өсіп кетті шығыстар, неге өңірлерге сондай жақсы болды?! Жарты жыл экономика істемеді. Адамдар үйде отыр. 41 мың бердік. Барымызды шаштық қой адамдарды қолдау үшін...

17 өңір республикалық бюджетке тәуелді

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Вице-премьердің айтпағы 2020 жылдан бері Ұлттық қордан жыл сайын 5 трлн теңгеге дейін қаражат алынып отырды. Ортақ қазынаға қол сұғуға пандемия мен оның салдары, 22 пайызға дейін жеткен инфляция және 2022 жылы жалақының өсуі себеп болған. Жиында өңірлердің бюджеті де талқыға түсті. Елімізде Астана, Алматы және Атыраудан басқа облыстардың барлығы республикалық бюджетке тәуелді екені айтылды. Сондай-ақ облыстарға қаржы бөлгенде алалау, бөліп-жару сынды факторларға жол берілетіні сөз болды.

Ерболат Сатыбалдин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Мысалы үшін 7 мың студенті бар Назарбаев университеті қазынадан 59 млрд теңге алады. 240 мың халқы бар Ұлытау облысы 59 млрд теңге алады. Мен балалардың білім алғанына қарсы емеспін. Бірақ біз де аспаннан айды әпер деп сұрап отырған жоқпыз ғой. Таза су, таза ауа, жақсы жолдар, қолжетімді медицина... Мәдени, әлеуметтік нысандар салу керек. Осы мәселелерге енді қаражат қалай бөлінеді?

Өңірлерге қосымша 100 млрд теңге қаржы бөліне бастайды

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Ұлттық экономика министрі 2026 жылдан бастап жыл сайын өңірлерге қосымша 100 млрд теңге берілетінін, кірістердің 40 пайызы жергілікті бюджетке жиналатынын жеткізді. Айта кету керек, 2054 жылы субвенция, яғни республикалық бюджеттен облыстарға құйылған қаражат 5 трлн теңгеден асқан. Бұл 2014 жылғымен салыстырғанда 10 есеге өскен. Мәжіліс төрағасының орынбасары Дания Еспаеваның айтуынша, жергілікті атқарушы органдардың кірістерді болжауына қатысты сұрақтар бар. Бұл дегеніміз әкімдер кірістерді әдейі азайтып көрсетуі мүмкін дегенді аңғартады. Сондықтан алдағы уақытта Жоғары аудиторлық палата осы бағытта тексеріс жүргізеді.

Нұрсұлтан Тілектес