Семейде чиптер мен электронды қондырғыларды өндіретін индустриялық парктің құрылысы басталды. Бүгін жоғары технологиялық өнімдер өндіретін зауыттың іргетасын қалау рәсіміне облыс әкімі мен шетелдік инвесторлар қатысты. Жобаны жүзеге асыратын «SUTO KAZAKHSTAN» — Қазақстан мен Қытайдың бірлескен компаниясы. Жаңа кәсіпорында чип, оптоэлектронды модуль, интеллектуалды хост-контроллер, қуат блогы, энергия үнемдейтін шамдар мен электронды дисплейлер өндіреді. Жоба халықтың әл-ауқатын жақсартуға, облыс тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Жоба құны — 50 миллион АҚШ доллары. Болашақта зауыт өнімдері ішкі нарықпен қатар, ТМД елдері мен Еуропаға экспортталмақ.

Берік Уәли, облыс әкімі:

Мұндай өндіріс елімізде тұңғыш рет қолға алынып жатыр. Құрылыс кезінде өзіміздің Семей тұрғындары тартылады. Оның өзі 140 адам. Өндіріс толық іске қосылып, 3 айдан кейін 500 адам тұрақты жұмыспен қамтамасыз етеміз деп, инвесторлар уәде беріп отыр. Бұл біздің халықтың әл-ауқатын жақсартуға, облыс тұрғындарына жаңа жұмыс орындарын ашуға үлкен зор мүмкіндік деп айта аламыз.

Кәсіпорын Семейдегі IT және жаңа технологиялар жоғары колледжінің студенттерін өндірістік тәжірибеден өткізіп, кейін зауытқа тұрақты жұмысқа алмақ. Оқу орны мен компания өкілдері келісімге келіп, ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойды.

Жарқын Тұрышев, кәсіпорынның бас директоры:

Зауыттың қуаттылығы шығарылатын әрбір өнімнің санына байланысты. Жарық диодтарына 1 млрд 200 млн дана жылына болып жоспарланып отыр. Шамдар 3 млн дана. Дисплейлер 60 мың дана.

Ержан Жақып