Еліміздің көлік инфрақұрылымын және өңірлердің арасындағы байланысты дамыту мақсатында республикалық маңызы бар Қарағанды-Жезқазған автомобиль жолының 572 шақырымын ІІ техникалық санатта, екі жолақты етіп, жол жабынын жақсартып, заманауи қауіпсіздік талаптарына сай етіп салу жоспарланып отыр. Бұл туралы ҚазАвтоЖол мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазіргі таңда қаржыландыру көзін анықтау бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Жоба кешенді түрде жүзеге асады: жобалау, құрылыс және қолданысқа беру. Қаражат көзі бекітілгеннен кейін дайындық жұмыстары 2025 жылдың ІІІ-ІV тоқсанына жоспарланған.

Бұл жоба Орталық Қазақстанға ғана емес, еліміздің жол саласы үшін үлкен маңызға ие болмақ. Ол аймақтар арасындағы көлік қатынасын нығайтып, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына септігін тигізеді.

Сондай-ақ, республиканың оңтүстік өңірлерімен көлік дәлізін дамыту аясында ұзындығы 426 шақырымды құрайтын Қызылорда-Жезқазған автожолын қайта жаңарту жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Бұл жол Қызылорда және Ұлытау облыстарын қосады. Қызылорда облысы бойынша 150 шақырымнан астам жолда жұмыстар атқарылды, ал Ұлытау облысы жол-құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қарағанды мен Жезқазған арқылы салынатын жол Астанадан Қызылордаға дейін еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып, өңірлердің дамуына және Қазақстанның жол саласын жаңғыртуға үлкен серпін береді.

Қарағанды облысы