Жамбыл облысында қызылша еккен шаруалар Меркі қант зауытынан 2 млрд теңгеден астам қаржысын даулап, шу шығарды. Айтуларынша, кәсіпорын былтыр өткізген өнімдерінің ақысын төлемеген. Келісімшарт бойынша әр келісіне 15 теңгеден төленуі тиіс еді. Алайда тонналап тәтті түбір тапсырған 200-ге жуық шаруаның қаржыдан қағылғанына бір жылға жуықтаған.
Былтыр аймақ диқандары 640 мың тонна өнім жинап, бұрын-соңды болмаған рекорд орнатты. Жиналған тәтті түбірдің 450 мың тоннасын Меркі зауыты қабылдады. Бірақ 400-ден аса шаруаның тең жартысына өткізген өнімдерінің ақысын төлемеген.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Диқандардың даурығуына былтыр берілуі тиіс тарифтің төленбеуі себеп. Салдарынан шаруалар шығынға батып, биыл алқап басына аттап баспадық дейді. Ал жерге соқа салғандардың жұмысы сол күйі қалған.
Зауыт қызылшаның келісін 15 теңгеден қабылдаған. Шарт бойынша екі айда төлеуі тиіс еді. Бірақ ашынған шаруалар 10 айдан бері алашағымызды бермеді деп алаңдаулы.
Ерғали Асанқұлов, диқан:
Жыртылған, тегістелген жерге не тұқым ала алмадық, не себетін, не техникаға төлейтін ақшамыз жоқ. Қазір болмағаннан кейін, міне, күзетке бір тәулік істеп, екі тәулік егістігіме барайын деп, күзетке жұмысқа кірдім. 120 мың айлық. Біз қалай күн көреміз?
Саха Манатов, облыстық қызылшашылар қауымдастығының төрағасы:
Біз: «сіздер 30 мың тонна қант өндірдіңіздер. 30 мың тонна. Сол қант қайда? Қантты сатып, біздердің қарыздарымыздан құтылмайсыздар ма?!», — деп жатырмыз. Менің жеке өзіме зауыт 165 млн теңге қарыз.
Ал зауыт директоры жұмыстан шығып кеткен. Оның міндетін атқарушы мен бас бухгалтер 2,2 млрд теңге берешектің не себепті төленбегенінен бейхабар.
Айгүл Тоқова, «Меркі қант зауыты» ЖШС бас есепшісі:
Бұл жағдайды құрылтайшылар шешеді. Қаржы директорымыз мәселені біржақты ету үшін Алматыға кеткен. Кімге қанша төлеуге қатысты құжаттарды өткізіп қойдық. Орындалу мерзімін айта алмаймын. Өзіміздің де кредиторлық қарызымыз бар, ол да жабылмады.
Былтыр зауыт төлеуі тиіс 15 теңгеден бөлек, қызылшаның әр келісіне Үкімет тарапынан 25 теңгеден берілді. Әкімдік ол бойынша 450 мың тонна өнім өткізген шаруаларға 15 млрд теңге субсидия төледік дейді. Ал зауыт дәл осындай өнім көлеміне 6 млрд теңге берешек болып, оның тек 3,8 млрд-ын ғана төлеген. Қалған қарызды банктен несие алып жаппақ.
Әбдірәсіл Желеубаев, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:
Фермерлермен, бізбен кездескенде соңғы уәдесі солай болған. «Мамыр айында қант қымбаттаған кезде мен төлеп беремін» деді. Қазіргі кезде қант олар күткендей қымбаттамаған шығар? Соны күтіп отыр ма? Қанша қант қалғанын, қанша сатылғаны туралы ақпаратты білмейді, яғни бергісі де жоқ ол туралы ақпаратты. Несие алу мәселесімен жұмыс істеп жатыр, соңғы рет акционермен сөйлескендегі ақпарат осы.
Тығырыққа тірелген шаруалар алдағы бір аптада тариф құны төленбесе, жаппай сотқа жүгінбек.
Данияр Әлімқұл