Елордадағы №89 «Қыз Жібек» бөбекжай-балабақшасының тәрбиеленушілері тарих пен патриотизм әлеміне ерекше саяхат жасады.
ҚР Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында Тұңғыш Президент музейінің қызметкерлері бүлдіршіндерге арналған көшпелі көрме өткізіп, танымдық ойындар мен әсерлі әңгімелер арқылы ұлттың басты нышандарымен таныстырды. Мектеп жасына дейінгі балалар жарқын визуалды бейнелер мен қызықты тарихи оқиғалар негізінде еліміздің Туы, Елтаңбасы мен Әнұраны туралы мағлұмат алып, әрқайсысының терең мағынасына қанықты.

Іс-шара аясында елдің абыройын асқақтатып жүрген спортшылар мен мәдениет қайраткерлерінің жетістіктеріне де ерекше назар аударылды. Олар жас буынға шабыт сыйлап, ұлттық рәміздерді кеңінен насихаттап келеді.
Балдырғандар ақпарат алып қана қоймай, әсерін бөлісіп, отансүйгіштік сезімін ашық көрсете білді.

– Іс-шараның басты мақсаты – бүлдіршіндердің жүрегіне мемлекетке деген құрмет пен сүйіспеншілік дәнін егу. Біз патриотизмнің іргетасы еліңнің рәміздерін танып, олармен мақтанудан басталатынын жеткізгіміз келеді. Осындай тағылымды бастамалар арқылы өсіп келе жатқан ұрпақ жасынан-ақ тарихи мұра мен ұлттық құндылықтарды қадірлеуді үйреніп, туған елінің толыққанды азаматы ретінде сезіне бастайды, – деді музей қызметкерлері.
