Астанада өткен ел кубогін грек-рим күресі шеберлері қоры­тын­дылады. Жарыс­тың жал­пы­коман­далық есебінде жер­гілік­ті балуандар көш бастады. Алматы облысы екінші, қос­танайлықтар үшінші орынға ие болды.

60 кг салмақ дәрежесінде Айдос Сұлтанғалиға тең келер ешкім табылмады. Әлем чем­пионатында екі мәрте қола медаль олжалаған оғылан бұл жолы да өзінің мықтылығын мойындатты. Шешуші белдесуде Сыр бойының саңлағы кәнігі қарсыласы жетісулық Ғалым Қаб­дунасаровты жеңді. Айдостың командалық әріптесі Алпамыс Дастанбек 55 кг салмақта топ жарды.

Қостанай облысы өкілдері арасынан Юсуп Мациев (97 кг) пен Мансур Шадукаевтың (130 кг) мерейі үстем болды. Мациев ақтық сында шығысқазақстандық Салауат Ахметқалиді жеңді. Ман­сұр финалда Алматы облы­сының спортшысы Ақарыс Бердашовтан басым түсті. Тағы бір алтынды финалда солтүстік өңірден келген Данияр Қаленовті қапы қалдырған астаналық Мерей Мәулетқанов (72 кг) олжалады.

63 кг салмақта алматылық Ерке­бұлан Ардақовтың айы оңы­нан туды. Финалда ол жарыс қожайыны Асаухат Мұха­мадиевтің өрескел қателігін ұтымды пайдаланды. «Қазақстан» спорт кешеніне жиналған жан­күйерлер 67 кг салмақ дәре­жесінде 2023 жылғы жас­тар арасындағы (U-23) әлем бірін­шілігінің жеңімпазы, Азия чемпионы, Жамбыл облысының өкілі Сұлтан Әсетұлы жеңімпаз деп танылды. Тараздан келген тағы бір балуан Талас Әшірханов 77 кг салмақта алдына жан салмады. 82 кг салмақта Альмир Төле­баев топ жарды. Финалда ол Ал­маты облысының өкілі, тәжіри­белі Қаһарман Қисметовті қапы қалдырды.

87 кг салмақтың финалдық сайы­сында астаналық Мақсат Сай­лау мен солтүстікқазақстандық Ислам Евлоев күш сынасты. Бел­десудің аяқталуына 10 секунд қал­ғанда Ислам қарсыласын кеу­десінен аса лақтырып, айқын же­ңіске қол жеткізді.