"Құқық бұзушылық профилактикасы туралы" заңға адамның бет-әлпетін тануға кедергі келтіретін киімдерді қоғамдық орындарда киюге тыйым салатын түзету енгізу ұсынылды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бүгін Сенатта Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің жұмыс тобының отырысы өтті.

Түзетуде адамның бет-бейнесін тануға кедергі жасайтын киімдерді қоғамдық орындарда киюге тыйым салу қарастырылған. Алайда бұл тыйым Қазақстан заңнамасының талаптарын орындау үшін, қызметтік (лауазымдық, еңбек) міндеттерді атқару кезінде, медициналық мақсатта, азаматтық қорғау шараларында, ауа райының ерекшеліктеріне байланысты, сондай-ақ спорттық, спорттық-бұқаралық және мәдени-бұқаралық іс-шараларға тікелей қатысатын адамдарға қолданылмайды.

Еске салайық, Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төл мәдениет арқылы ұлттық бірегейлікті нығайтудың маңыздылығын атап өткен болатын.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!

Logotype Massaget