Биыл Байқоңыр қаласына жақын ауылдардың жол-көлік инфрақұрылымы жаңғыртылып жатыр. Ресейге жалға берілген аумақтар Қазақстан меншігіне қайтарылып, ұзақ жылдардан бері жол азабын тартып келген тұрғындардың талап-тілегі ескерілді.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Ақай мен Төретам елдімекендері мен Байқоңыр қаласын байланыстыратын мына автожол Кеңес заманында салынған. Содан бері күрделі жөндеу көрмеген тас жол қазір ойдым-ойдым, шұрық тесік әбден тозығы жетіп тұр.

Осы кезге дейін бұл аумақ Ресей иелігінде болып, Қазақстан тарабынан жол жөндеу жұмыстарына қаржы бөлу мүмкін болмаған. 30 жылдан бері ескі жол жергілікті жұртты әбден қажытқан. Екі ауылдың арасы қашық болмаса да күнделікті тіршілікпен қаншама халық селкілдеп осы жолмен қатынауға мәжбүр.

Дастан Мықтыбаев, Төретам кентінің тұрғыны:

Ай сайын көлігімізді жөндейміз. Мәшинеміз бұзылып, шашылып болды осы кезде. Жол салынып жатыр. Сол бітсе, жақсы болса, жол. Соны күтіп отырмыз бәріміз.

Әнуар Дәуренбаев, Ақай ауылының тұрғыны:

Осы жол арқылы бүкіл елдің жұмысы. Үйінің жұмысы, кәсіптегісі бар, мысалы басқа мал-жемі бар, осы жолмен қатынайтын. Жол ашылып жатса, такси де келеді, ертең автобус та жүреді. Бұл халық үшін істеліп жатқан үлкен жұмыс деп ойлаймын.

Қос елді мекенде бүгінде 20 мыңнан аса тұрғын бар. Енді көпшіліктің жол азабынан құтылатын күні алыс емес. Биыл облыс бюджетінен 1 миллиард 100 миллион теңгеден астам қаржы қаралып, ұзындығы 5 шақырымнан асатын автожолға жаңа асфальт төселіп жатыр.

Бақытбек Жылтыров, Қармақшы аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Қазіргі таңда 2 шақырым жолы бітіп тұр осы кезде. Қазір жолдың жиегіне тас төсеу жұмыстары жүріп жатыр. Күнделікті қазір басындамыз, осы жұмыстың сапалы шығуы үшін. Қадағалау жұмыстарын қарқынды жүргізіп отырмыз.

Мамандар ел үшін маңызды тас жолды қара күзге қалдырмай толық пайдалануға беруді жоспарлап отыр. Жалпы облыста биыл 329 шақырым автомобиль жолдары жөндеуден өтеді.

Әділбек Серікұлы