Мәжіліс отырысында депутат Ермұрат Бәпи Конституцияның 30 жылдығына орай әзірленген рақымшылық туралы заң жобасына қатысты өткір сұрақ қойды, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
Ол заң жобасының екінші бабына тоқталып, қылмыс жасаған адам егер өзгеге зиян келтірмесе немесе келтірілген зиянды өтесе, ондай тұлғаға рақымшылық қолданылатынын алға тартты.
Сондай-ақ, ауыр және аса ауыр қылмыс жасағандардың да жаза мерзімі қысқаруы мүмкін екенін атап өтті.
“Бізде сыбайлас жемқорлық деген бір қауіпті дерт бар. Осылардың жағдайы не болады? Оларды рақымшылықпен босатамыз ба? Жемқорлықтың үлкен-кішісі болмайды. Аздап жемқорлық, көптеп жемқорлық деген ұғым жоқ. Сонда оны қалай жеңіл немесе ауыр қылмыс деп бөлесіздер?” – деді Ермұрат Бәпи.
Депутаттың бұл сауалы қоғамда жиі айтылатын әділеттілік мәселесін тағы да алға шығарды.
Бәпидің пайымынша, пара алып, мемлекетке немесе халыққа зиян келтірген кез келген лауазымды тұлға рақымшылық аясынан тыс қалуы тиіс.
Айта кетейік, заң жобасы бойынша қылмыстың сипаты, келтірілген зиян мен өтелуі басты назарға алынады.