Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Қазақстанда ең жоғары жалақыны қай мамандар сұрайтынын және сұранысқа ие мамандар туралы мәліметтерді жариялады, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ.

Министрліктің келтірген деректерге сүйенсек, 2025 жылдың мамыр айында Enbek.kz электрондық еңбек биржасында (бұдан әрі – Enbek) 86 мың бос жұмыс орны мен 110 мың түйіндеме орналастырылған. Өткен аймен салыстырғанда олардың саны сәйкесінше 11,8 пайыз және 4,3 пайызға азайған.

Кадрға ең жоғары қажеттілік дәстүрлі түрде білім беру (15 мыңнан астам бос жұмыс орны), қызмет көрсетудің басқа түрлері (10,7 мың) және құрылыс (8,5 мың) салаларында байқалған. Сұраныс негізінен ірі қалалар мен агроөнеркәсіптік аймақтарда шоғырланған.

Сондай-ақ орташа білікті мамандар тапшылығы байқалған – сұраныс ұсыныстан 16 пайызға жоғары болып отыр. Сонымен қатар жұмыс іздеушілер арасында жоғары білікті лауазымдар үшін бәсекелестік күшейген. Олардың саны жұмыс берушілердің ұсыныстарының санынан асып кеткен.

Жұмыс берушілер арасында ең жоғары белсенділік Астана қаласында (барлық бос жұмыс орнының 11,5 пайызы), Түркістан (7,5 пайыз) және Павлодар (7,1 пайыз) облыстарында тіркелген.

34 жасқа дейінгі жастар жұмыс іздеушілердің ең белсенді санаты болып қалған – олар барлық түйіндеменің 44 пайызын құрайды (110 мыңның 48,6 мыңы). Олардан кейін орта жастағы үміткерлер (37 пайыз). Ал барлық жұмыс іздеушінің 52,8 пайызын әйелдер, 47,2 пайызын ерлер құрайды.

Жұмыс іздеушілер белсенділігінің төмендеуі Алматы қаласында (-28 пайыз) байқалған, басқа өңірлердің көпшілігінде төмендеу көрсеткіші 15 пайыздан аспаған.

Сұранысқа ие мамандықтардың ішінде тәртіп сақшыларына (1,8 мың бос орын), медбикелер (1,7 мың) мен жүргізушілерге (1,5 мың) сұраныс сақталып отыр.

Жалақы бойынша ең көп ұсыныс тау-кен өнеркәсібіндегі басшының орынбасары (орта есеппен 788 мың теңгеден), бас құрылысшы (662 мыңнан) және бұрғылаушы-инженер (605 мыңнан) лауазымдары арасында тіркелген.

Жұмыс іздеушілер арасында ең жоғары жалақы күтетін мамандар – ұшқыш (орта есеппен 2,3 млн теңгеден), IT жобаларды әзірлеу бөлімінің басшысы (1,2 млн теңге), өндіруші саладағы учаске басшысы (1,1 млн теңге).

"Осылайша, мамыр айында жұмыс берушілер тарапынан да, жұмыс іздеушілер тарапынан да белсенділіктің қалыпты төмендеуі байқалады. Жалпы жұмысшылар, жүргізушілер, күзетшілер және медицина қызметкерлері сұранысқа ие болып қала береді. Күтілетін жалақы деңгейі, әдетте, жасына қарай өседі, бұл кәсіби тәжірибе, біліктілік және мансаптық амбициялар арасындағы қатынасты көрсетеді", — делінген хабарламада.