Иран Израильге қарымта шабуыл жасауға дайындалып жатыр. Бұл туралы америкалық New York Times газеті хабарлады.
Парсы елі еврей мемлекетіне жүздеген баллистикалық зымыран атқылауы мүмкін. Axios порталы Дональд Трамп Израиль премьер-министрін ядролық бағдарлама бойынша талқылау жүріп жатқан қазіргі кезеңде соққы жасамауға шақырғанын жазды. Бірақ Биньямин Нетаньяху оған құлақ аспады. Иран президенті ядролық бағдарламаны желеу етіп, елге қысым жасау орынсыз екенін мәлімдеді.
Масуд Пезешкиан, Иран президенті:
- Біз ядролық бомба жасағалы жатқанымыз жоқ. Бірақ бейбіт ядролық өндірістен бас тартпаймыз. Батыс біздің халқымызға күштен санкция салып, қысым жасағысы келеді. Біз әлеммен ынтымақтастықты қалаймыз, алайда үркітіп-қорқытуға еш көнбейміз.
Израиль әуе кеңістігін жапты
Жағдай ушыққан соң Израиль әуе кеңістігін жапты. Шетелдік әуе компаниялары Тель-Авивтегі Бен-Гурион атындағы әуежайға рейстерін тоқтатқан. Flightradar24 қызметінің хабарлауынша, ұшақтар басқа әуе айлақтарына бағытталып жатыр. Израиль билігі Иран тарапынан қарымта соққы болуы мүмкін деп қауіптенеді. Ирак үкіметі де әуе кеңістігін жабатынын мәлімдеді.