Бүгін Израиль Иранға шабуыл жасап, төрткүл дүниені дүрліктірді. Еврей армиясының ұшақтары қарапайым халық қоныстанған аудандарға да бомба тастады , деп хабарлайды 24kz.

Салдарынан 78 адам қаза тапты. Олардың қатарында Ислам Республикасының 20 әскери шенді командирі бар. Тағы 300-ден аса адам жараланды. Бірақ Израиль мұнымен шектеліп қалмақ емес. Еврей билігі Иранға ультиматум қойды.

Яғни, Тегеран ядролық нысандарды жоюға қарсылық көрсетпеуі тиіс. Өйтпеген жағдайда мұнай өңдеу кәсіпорындарына соққы жасап, экономикасын күйретеміз деп мәлімдеді. Осыған дейін бір зауытты атқылауы шабуылдың бергі жағы ғана деп ескертті. Израиль мен Иран арасындағы шиелініс қалай өрбуі мүмкін? Т

Зайнұр Байжігіт, тілші:

- Бүгін таңсәріде Тегеран тұрғындары жарылған бомбалардың дауысынан оянды. Иран халқы мұны Израиль шабуылы екенін бірден түсінді. 1980 жылдардың соңында Иракпен соғыс аяқталғаннен бері жарылыстарды естімеген тұрғындар үшін бұл қорқынышты түс секілді болды. Израиль мен Иран бір-біріне ара-кідік әуе соққысын жасап тұратын. Бірақ ірі қалаларды бомбаланған емес. Премьер-министр Биньямин Нетаньяху болса: «Әскери операция мақсатымызға жетпей тоқтамаймыз», - деп мәлімдеді.

Биньямин Нетаньяху, Израиль премьер министрі:

- Біз Иранның ядролық бағдарламасының басты нысанын жойдық. Натанздағы уранды байыту кәсіпорынын, сондай-ақ Иранның баллистикалық зымыран жасау бағдарламасының негізгі орнына соққы жасадық. Әскери операция «Ираннан төнген қауіп сейілмейінше жалғаса береді.

Түнгі шабуылдан Иранның бірнеше жоғары шенді әскериі қаза тапты. Оның ішінде елдің қарулы күштері Бас штабының бастығы мен Ислам Революциясы сақшылары Бас қолбасшысы бар.

АҚШ Израильдің жоспары туралы алдын ала білген. Бірақ Мемлекеттік хатшы Марко Рубио: «Тель-Авивтің шабуылына қатысымыз жоқ», - деп даулы мәселеден іргесін аулақ салды. Президент Дональд Трамп болса: «Тегеранның ядролық қару ұстауға құқығы жоқ», — дейді. Алайда, шиеленісті дипломатиялық жолмен реттеуге әлі де үмітті.

Дональд Трамп, АҚШ президенті:

- Мен Иранмен келіссөз бастап, бірнеше рет мүмкіндік бердім. Бірақ Тегеран алдарында не күтіп тұрғанын түсінбеген сыңайлы. АҚШ әлемдегі ең жойқын қаруларға ие. Оның бәрі Израильде де бар. Иран өз империясының сарқыншағын сақтап қалғысы келсе, қойылған талаптарды орындауы керек. Өйтпеген жағдайда шабуыл бұдан да үдей түседі. Тегеранның бұл қырғынды тоқтатуға әлі де мүмкіндігі бар.

Израиль жойғыш ұшақтары 100-ден аса нысанды бомбалады. Нетаньяху Иранның ең алдымен әскери әлеуетін әлсіретуге ден қойған сыңайлы. Исфахандағы атомдық реакторды, Натанздағы уран байыту зауытын және Арактағы ядролық су дайындау кешеніне соққы жасады. Иран бірден қарымта шабуылға көшіп, Израильге қарай жүздеген дрон ұшырды. Осы ретте батыс сарапшылары Ислам Республикасының дәл қазір Израильге, я болмаса, оның одақтастарына қарсы тұрар қауқары жоқ деп санайды.

Эдмунд Блэр, Reuters агенттігінің Таяу Шығыс бойынша редакторы:

- Егер бұл соғыс 1,5 жыл бұрын басталғанда Иранға ең сенімді одақтастары, яғни, «Хезболла», Ливан, Газа секторындағы ХАМАС, Йемендегі хуситтер, Ирак жасақтары қолдау білдіретін еді. Бірақ қазір олардың Иранға көмекке келуі екіталай.

Израильдің үкімет басшысы Иранға қарсы операцияны өткен айда-ақ бастамақ болған. Бірақ президент Трамп премьер-министр Биньямин Нетаньяхуға мәселені диалог арқылы шешуге күш салатынын айтып, райынан қайтарған. Жалпы Нетаньяху: «АҚШ Иранмен Ливияның қарусыздану келісіміне ұқсас құжат бекітсе», — дейді.

Алайда, Тегеран ядролық қарудан бас тартсақ Ирак пен Ливияның кебін киеміз бе деп алаңдайды. Сондықтан, АҚШ-тың талаптарына көнбей келді. Не десек те, Таяу Шығыстағы ахуал әлемдік мұнай нарығында дүрбелең туғызды.

Кармел Кримминс, Reuters агенттігінің редакторы:

- Израиль Иранға шабуыл жасағаннан кейін инвесторлар арасында дүрбелең басталды. Таяу Шығыс мұнайдың ірі өндірушісі саналады. Бұл жаһандық мұнай бағасының бірден 14%-ке артуына түрткі болып отыр.

Израиль әскери операцияны «Адуынды Арыстан» деп атады. Алайда, Иран мұны операция емес, соғысқа теліп отыр.

Сондықтан Біріккен ұлттар ұйымынан Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл жиынын өткізуді сұрады. Халықаралық қауымдастықтан Израильге қарсы қатаң шара қолдануға шақырды.

Авторы: Зайнұр Байжігіт