Дәл қазір Иран мен Израиль аумағына атылып жатқан оқ, жарылып жатқан бомбалар жайында ақпарат көп.

Ал ирандықтар жаппай елден қашып жатыр дейді. Бірақ олар қайда қашып жатыр? Белгісіз.

Дегенмен, әлем назары Таяу Шығысқа ауып тұр. Израиль мен Иран арасындағы жағдай шиеленісе берсе көштің ұлғаятыны анық. Кей ақпарларға қарағанда қашқан ел Түркияға бет түзеген. Шекарада адам көп дейді. Бірақ бұл қаншалықты рас? Түркия билігі не деп жатыр?

- Аймақтағы ахуал қалай? Бұл шиеленістің Түркияға әсері қандай болуы мүмкін? Желіде Ираннан босқындар ағыла бастады деген ақпарат жиі тарап жатыр. Бұл рас па? Түркия шекарасына келіп жатқан адамдар бар ма?

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Иран мен Түркия — көршілес елдер. Екі ел арасындағы құрлық шекарасы 534 шақырымға созылып жатыр. Бұл шекара заңсыз көші-қон мен босқындар үшін негізгі бағыттардың бірі саналады. Айта кету керек, 2021 жылы Түркия Ауғанстаннан келетін босқындардың тасқынына тосқауыл қою үшін Иранмен шекарадағы Ван провинциясында үш метрлік бетон қабырға тұрғыза бастады. Бұл жоба 243 шақырымға созылады. Қабырға айналасы тікенек сыммен және ормен қоршалады деп жоспарланған. Қазір Ирандағы жағдайға қатысты сарапшылар екіге жарылды. Бір тобы бұл шиеленіс Сириядағыдай босқын дағдарысына ұласпайды десе, енді бірі егер қақтығыс ушыға түссе, Түркияға қарай көші-қон толқыны қайта басталуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда қазіргі сәтте шекарадан өткендердің саны ондаған ғана. Олар негізінен қауіпсіздік үшін келгендер. Қазір елдеріне қайта оралуға ниетті екендерін де айтады.

Ширин Талаби, Түркияны паналаған Иран азаматы:

- Мен мұнда қауіпсіздік үшін келдім. Олар бомбалап жатыр. Балаларымның өз балалары бар. Мен оларды күтіп отырмын, бірге Түркияға кіреміз деп үміттенемін.

Ферит Ақташ, автобус жүргізушісі:

- Жақында шамамен бір апта немесе 10 күн бұрын, күніне 3-5 ирандық келетін еді, бірақ қазір менің көлігімде күніне кемінде 30 ирандық бар.

Меджид Дехими, ирандық турист:

- Біз өлімнен қорықпаймыз. Біздің жетекшіміз Хаменеидің өзі, біз оның үшін өмірімізді құрбан етуге дайынбыз. Біз өз ұлтымызды, дінімізді немесе сенімімізді ешқашан тастамаймыз. Біз соңғы тынысымызға дейін Израильге қарсы тұрамыз.

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Иә, көші-қон мен босқындар мәселесі Түркия үшін ең өзекті тақырыптардың бірі екені белгілі. Елде ресми мәлімет бойынша 3 миллионнан астам сириялық босқын бар. Израильдің Иранға жасаған соққысынан кейін әлеуметтік желіде ирандықтардың Түркияға жаппай көше бастағаны туралы ақпараттар тарады. Алайда бұл деректерді Түркияның Дезинформацияға қарсы күрес департаменті ресми түрде жоққа шығарды. Түркия Ирандағы ахуалды жіті бақылауда ұстап отыр. Анкара қақтығыстың өршуіне алаңдаушылық білдіріп, екі тарап арасында бейбіт жолмен келісімге келуге шақырып отыр. Сонымен қатар, Түркия тарапы бұл текетіресте делдал болуға дайын екенін де мәлімдеді.

Реджеп Тайип Ердоған, Түркия президенті:

- Иранның ядролық нысандарына бағытталған шабуылдың шын мәнінде ауқымды әрі астарлы мақсаттарды көздейтіні күн өткен сайын айқындалып келеді. Біз басынан Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелер тек келіссөздер үстелінде талқылануы тиіс деп келеміз. Бүгін де осы ұстанымдамыз.

Меруерт Қанағат, меншікті тілші:

- Қорыта айтқанда, жағдай әлі де тұрақсыз. Дегенмен, Түркия шекараны бақылауда ұстап отыр. Ал ресми Анкара шиеленісті ушықтырмауға шақырып, өз дипломатиялық арналарын белсенді пайдалана бастады.