Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметі жайлы не білесіз? Еліміздің ішкі істер органдарында тапсырма берілсе — тайсалмайтын, қауіпті жағдайда ширақ қимылдайтын осындай ерекше бөлім бар.
Ондағы сарбаздардың қызметі – жай күнде көзге көрінбегенімен олар ел тыныштығын сақтау үшін бірінші болып алға шығады. Көлеңкеде жүріп, қауіптің алдын алады.
Қауіп төнген сәтте алдыңғы шепке шығатын – жылдам қимылдайтын арнайы жасақ. Олар от пен оқтың ортасында жүріп, ел намысын ерлікпен қорғап жүрген қайсар жандар. Қанша тынымсыз күн туса да, ел қорғаны болудан жаңылмайды.
Бұл жауынгерлер – тосыннан төнген қауіпке алғашқылардың бірі болып қарсы тұрады. Әрдайым сақадай сай болу үшін сарбаздар күнделікті дайындық жүргізеді. Атыс қаруын қолдану, тактикалық тұрғыда ұрыс жүргізу. Жылдам қимылдайтын арнайы жасақта қызмет ететін әрбір жауынгер осының бәрін жетік меңгерген.
Бұл жасақ – болаттай берік тәртіп пен темірдей тәрбие көрген, кез келген уақытта сақадай сай тұратын сарбаздар. Олар үшін «қиын» деген ұғым жоқ. Жолында жар болса жарып өтеді, кедергі болса көктеп өтеді. Қауіп қай тұста болса, қас пен көздің арасында әрекет ететін – осы жауынгерлер.
Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ – тек құрлықта емес, суда да үздік дайындықпен ерекшеленеді. Бұл бөлімнің сарбаздары судағы шеберлігін төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушыларымен бірге машықтайды. Мұндай жаттығулар қылмыскердің назарын аудартпай жақындау мен оны тосыннан ұстау үшін аса қажет.
Арнайы жасақ – тек күш емес, ақыл мен айла, төзім мен табандылықтың тоғысқан тұсы. Әр операция – жүрек жұтқан ерлердің батыл шешіміне байланысты. Сондықтан да жылдам қимылдайтын арнайы жасақ жауынгерлері ел тыныштығы үшін тыным таппай, қауіптің алдын алу үшін жанын шүберекке түйіп жүреді.
Риат Шони, Ержан Қанапияұлы