Алматыдағы кітапханалар цифрлық бағытта көш бастап тұр. Бұл – тек технологиялық жетістік емес, кітап оқуға деген қызығушылықты жаңа форматта арттырудың бір жолы, дейді мамандар. Шаһардағы 28 кітапхананың үшеуі тәулік бойы үздіксіз жұмыс істейді. Қазіргі уақытта кітап қоры 1,5 млннан асады. Оны онлайн қолжетімді ету үшін де үлкен жұмыстар атқарылып жатыр.
Айдана Қуантхан, тілші:
Кітапханадағы цифрландыру үдерісі оқырман табалдырықты аттағаннан басталады. Мәселен, жаңа құрылғы әр келген адамның санын көрсетіп тұрады. Таңғы сегізден бастап 270 оқырман келсе, соңғы алты айда 360 мыңнан аса оқырман келіпті. Бұл құрылғы кітапхана жұмысының ашықтығын көрсетеді, дейді қызметкерлер. Ал мынау өз-өзіне қызмет көрсету терминалы. Құрылғы арқылы кез келген кітапқа тапсырыс беруге мүмкіндік бар.
Санжар Сейсенбаев, оқырман:
Мен қазір екі кітапты алып келдім. Арнайы аппарат арқылы өзіме ыңғайлы тілді таңдап, сосын оқырман картамды сканерлеу арқылы белгілі уақытқа үйге ала аламын. Кітап 15 күнге дейін үйге берілді.
Айдана Қуантхан, тілші:
Қазір мен ашық қордан өзіме қажетті кітапты алдым. Оны оқырман билетіне тіркемей үйіме алып кете алмаймын. Себебі, жаңа технология арқылы кітапханадағы сақтық пен қауіпсіздік те қамтамасыз етіліпті.
Аян Жолдасов, Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасының жетекшісі:
Бір айда орта есеппен 12 мың оқырман келіп тапсырысын орындай алады. Цифрлық бағыттағы дамуының алғы шебі, бізде біркелі карта, барлық бағытқа жарайды. Электронды almatylibrary.kz сайтына кіріп, үйінде отырып-ақ тапсырысын бере алады.
Кітап – әр аялдамада
Шаһарда 25 ке жуық автомат құрылғы қоғамдық орындарға орнатылған. Тізімде 200 кітап бар. Тек қазақ, орыс емес ағылшын тіліндегі шығармаларды да кездестіре аласыз.
Айдана Қуантхан, тілші:
Кітапты алу да, оны тапсыру да ұзақ уақытты алмайды. Бұл жаңа жүйе іске қосылғалы бері оқырман саны 50 пайызға артты, дейді мамандар.
Айдана Қуантхан