Бүгін Алматыда Қаржылық мониторинг агенттігінің Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ұйымдастыруымен «ХХІ ғасырдың қаржылық триггерлері» тақырыбында форум өтті.

Іс-шара «Заң және тәртіп» мемлекеттік бастамасы аясында ұйымдастырылып, азаматтардың цифрлық ортадағы қазіргі қаржылық қауіптер туралы хабардарлығын арттыруға және қаржылық сауаттылығын көтеруге бағытталды.

Алматы қаласы әкімінің орынбасары, мәслихат депутаттары, мемлекеттік органдардың басшылары мен медиа мен мәдениет саласының өкілдері, жастар ұйымдары мен қоғамдық ұйымдардың басшылары қатысқан форумды Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы, экономикалық тергеу қызметінің генерал-майоры Нұржан Исмагулов ашты.

Сондай-ақ, арнайы бейнебаян көпшілікке ұсынылып, қаржы алаяқтарынан сақтану туралы ақпарат берілді.

ХХ ғасырдың сандық триггерлері, интернет алаяқтық тақырыптарындағы сессияларға қатысқан сарапшылардың айтуынша ең бірінші кезекте – ақпараттық, цифрлық, қаржылық сауат маңызды.

Белгілі қаржы және коммуникация маманы Айбар Олжайдың айтуынша құқық қорғау органдары, қаржы ұйымдары тарапынан алдын-алу, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқанымен, адамдар арасында қаржы алаяқтарына қарсы төтеп бере алатын ақпарат қажет.

«Өкінішке қарай қаржы саласында лауазымды қызмет істейтін аадмдардың өзі, қаржы алаяқтарының қақпанына түсіп қалуда. Қаржы алаяқтарының қоғамнан бір саты алда жүретінін мойындау керек. Егер қаржылық, цифрлық, ақпараттық сауатты түзей алсақ, 2027 жылға қарай біздің қоғамда қаржы алаяқтары азая бастауы қажет. Ол үшін осындай іс-шараларды өткізу маңызды», дейді сарапшы.

Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің қызметкері Сәкен Қондыбаевтың айтуынша 2021 жылдан бері 99 қаржы пирамидасы жабылған. 86 мың салымшы зардап шегіп, 37 млрд теңге шығын келген. 226 адам сотталған.

«Қаржы пирамидалары еш қиындық пен тәуекелсіз жоғары пайыздар уәде етеді. Міндетті түрде жаңа клиенттерді тартады. Интернетте белсенді түрде жарнамалайды. Компаниялар қазақстанда тіркелмеген. Құқықтық сүйемелдеу жүргізілмейді. Жарналар қолма-қол немесе крипта мен төлем жүйелері арқылы алынады. Мүндай белгілерді қоғамдағы әрбір адам білуі тиіс», дейді Сәкен Қондыбаев.

Жиынға бұдан бөлек, Алматы қалалық қоғамдық кеңесінің төрағасы Махамбет Хасенов, мәслихат депутаты, Алматы қаласының Азаматтық орталығының директоры Алтынай Кобеева, адвокат Ерболат Едилбеков, заңгер Бауржан Абылкаисмов, Алматы қалалық ПБ киберқылмысқа қарсы күрес қызметінің өкілдері, құқық қорғау органдарының өкілдері, қаржы және цифрлық қауіпсіздік саласының сарапшылары ең өзекті мәселелерді ортаға салып, нақты кеңестер берді.

Форум аясында интернет-алаяқтық пен заңсыз қаржылық пирамидаларға қатысты нақты қылмыстық істер қаралып, осындай құқық бұзушылықтарға қарсы іс-қимыл тетіктері түсіндірілді. Қатысушыларға алаяқтық схемалар мен оларды анықтау тәсілдері бойынша талдамалық шолулар ұсынылды.

Форум қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ халық арасында қаржылық қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған тиімді алаңға айналды.