Шығыс Қазақстанда жұлдызқұрт қаптап кетті, деп хабарлайды 24KZ. Зиянкестер жолындағысын жайпап келеді . Бұлар әсіресе жасыл желекке өш. Жәндіктердің кейбірі қазір үйге де кіре бастаған. Белогорск ауылындағы жұрт: «Күзде бау-бақша өнімінсіз қаламыз ба?», – деп те алаңдайды. Ал жорғалағыштарға қарсы зарарсыздандыру жұмыстары әлі басталған жоқ. Ауыл адамдары бұлай жалғаса берсе, дала қу тақырға айнала ма деп қауіптенеді.
Жан-жақтан қаптаған жұлдызқұрт Ұлан ауданындағы үш ауылдың жұртын дүрліктірді. Белогорск елді мекенінің тұрғыны Татьяна Мезенцева: «Жылда серуендейтін мына алаңқайды биыл танымай қалдым», – дейді. Әдетті жасыл желегі жайқалып, жеміс-жидегі төгіліп тұратын ағаштардың жапырағы сиреп қалған.
Татьяна Мезенцева, Белогорск ауылының тұрғыны:
- Бұл құрт қалың орманнан келіп жатыр деп естідік. Мына жерден түк қалдырмай тазалап кетті. Бұрын осында келсем, демалатын едім, қазір жан-жағыма қарап, жаным ашып тұр. Өсімдікті қойып, өзімізді де шағып жатыр. Сауылдап үстіңе түседі.
Жәндіктер ауладағы бау-бақшаны да аяп жатқан жоқ. Өскіндерді кеміріп, бір апта ішінде алма ағашынан түк қалдырмаған.
Татьяна Сутормина, ауыл тұрғыны:
- Мына алма ағашынан, міне, бұтақтары ғана тұр. Көктемде жап-жақсы гүлдей бастаған еді. Қанша жанталассақ та болмады.
42 жыл бойы орманшы болып қызмет еткен Иван Шаров мұндай жағдайға осыдан 50 жыл бұрын куә болыпты. Ардагер маманның айтуынша, жәндіктің көбеюіне күннің ерте жылынуы әрі шыбын-шіркейдің аз болуы ықпал еткен.
Иван Шаров, орманшы:
- Мамырда көбелек көп ұшып келді. Күн жылы болды. Енді, мінеки, өте жылдам көбейіп жатыр. Оның үстіне олармен қоректенетін шыбын-шіркей кеш шықты.
«Әзірге зиянкестердің қайдан келгені және қандай түрге жататыны нақты анықталған жоқ. Демек зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізуге әлі ерте», – дейді мамандар.
Қуаныш Құмарұлы, Асубұлақ ауылдық округінің әкімі:
- Фитосанитария мамандары келіп, пробаларын алып, қазіргі таңда сараптамада. Нәтижесі әлі шыққан жоқ. Шыққаннан кейін олар өздері қорытындысын береді. Содан ары қарай жұмыс жасаймыз.
Көршілес Асубұлақ, Огневка елді мекендері де жұлдызқұрттардың мекеніне айналды. Сондықтан ауыл халқы күзде бау-бақша орнын сипап қалмау үшін жауапты сала өкілдерінен жылдам шешім қабылдауды күтіп отыр.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов