Ақмола облысы Зеренді ауданында жаңа спорт кешені ашылды.

Бұл елімізде қайтарылған активтер есебінен салынған алғашқы нысан. Жоба құны 2,1 млрд теңге. Заманауи кешенде жеткіншектер бокс, қазақ күресі, самбо сияқты спорттың ондаған түрімен айналыса алады. Нысанның ашылуына еліміздің бас прокуроры, облыс әкімі және жергілікті тұрғындар мен спортшылар қатысты.

Курортты өлкеде бой көтерген спорт кешенінің құрылысы қаңтар айының ортасында басталған. Мемлекеттік сатып алудағы жаңа ережеге сәйкес құжаттар бір апта ішінде рәсімделіп, мердігерлер бірден жұмысқа кіріскен. Нәтижесінде 5 айдың ішінде нысан пайдалануға берілді.

Марат Ахметжанов, облыс әкімі:

- Бұрын созбалаңға салынып, жылдан жылға қымбаттап кететін көп нысандар бар еді. Мынау қазір үлгі ретінде. Қолымыздан келеді. Тек қана дұрыс қадағалау, дұрыс бақылау, дұрыс ұйымдастыру және мердігерлер әділетті принциптарына адал болса бәрі қолдан келеді.

Спорт кешенінде жаттығуға қажетті құрал-жабдықтың бәрі бар. Нысан мың жарым адамға арналған.

Аман Болат, оқушы:

- Мен бокспен 6 жыл айналысамын. Көптеген жарыстар да чемпион болдым. Зерендіде осындай ДЮСШ ашылғанына өте қатты қуаныштымын. Алда көптеген жеңістерге жетеміз деп ойлаймыз.

Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:

- Бүгін Қазақстанның інжу-маржаны Зеренді ауылында балалар мен жасөспірімдерге арналған спорт мектебінің ашылуна барлығымыз куә болып отырмыз. Спорт мектебі еліміздің көк байрағын биікке көтеретін,болашақ чемпиондардың алтын ұясына айналады деп сенемін.

Қазір өңірде мыңнан астам астам спорт нысаны бар. Тағы онының құрылысы аяқталуға жақын. Ал былтыр 17 спорт кешені ел игілігіне берілді.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко