Жұлдыздай ағып өтіп, небәрі 36 жас ғұмыр кешкен Басқар яғни Басқарбек Битанов сегіз қырлы, бір сырлы азамат еді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген талапты жас Алматы облыстық «Жетісу», республикалық «Egemen Qazaqstan», «Халық кеңесі», «Ауыл» газеттерінде жемісті еңбек етті. Қаламы қарымды журналистің жазған туындылары қалың оқырманның көңілінен шығып, республика өміріндегі өзекті мәселелерді көтере білді.
Басқар университетте жүргенде өзін болашағы үлкен сықақшы-сатирик ретінде танытып, шығармашылық биіктен көрінді. Сөз өнерінде алға суырылып шығып, «Құны жоқ адам» атты туындысы үшін Баубек Бұлқышев атындағы Жастар сыйлығының лауреаты атанды. 1980–1990 жылдары атағы дүркіреп тұрған «Тамаша» әзіл-сықақ театрының белсенді авторына айналды.
Оның қайраткерлігі туралы әріптестері әрдайым тебірене әңгіме қозғайды. Ұлтжанды журналист 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі кезінде жазықсыз жапа шеккен қазақ жастарына қорған болды. Әділдік пен ақиқат үшін күресті.
Жазғанынан жазары көп талантты қаламгер Жамбыл облысы Тұрар Рысқұлов ауданындағы Көкдөнен ауылының тумасы. Аудан орталығы – Луговой селосының ежелгі атауы – Құлантаудың қайтарылуына Басқар Битановтың сіңірген еңбегі орасан.
Көзден кетсе де, көңілден кетпейтін асыл азаматтың есімі – ел есінде, халық жадында. Басқарбек Битанов дүниеден озған соң, туған ауылы – Көкдөнен ауылындағы көшенің біріне қаламгердің аты берілді. Аудан орталығы – Құлантау ауылындағы Мәдениет үйінде Басқарбек Битанов атындағы әзіл-сықақ театры жұмыс істейді.
Жуырда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің мерекесі қарсаңында Көкдөнен ауылында Басқарбектің балалық, жастық шағы өткен үйге мемориалдық ескерткіш тақта орнатылды. Игі іс-шараға Астана, Алматы, Тараздан келген жазушы-журналистер, Тұрар Рысқұлов ауданының зиялы қауымы, ауыл тұрғындары қатысты. Осы күні өмірден ерте озған, бірақ үлкен істер тындырып кеткен Басқарбек Битановтың рухына арналып, құран бағышталды.
Иә, «Жақсының аты өлмейді» деген осы болса керек.
Доқтырхан ТҰРЛЫБЕК,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері