Павлодар облысындағы дауылдан кейін халықпен арада дұрыс байланыс орнатпағаны үшін Ақсу қаласының әкімі мен орынбасарына сөгіс жарияланды . Қаладағы тазалық жұмыстарының қарқынына Павлодар облысы әкімінің көңілі толмады, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың сөзінше, еңбек демалысынан шыққаннан кейін бірден Ақсуға барып, 19 маусымдағы дауылдан кейінгі қаланың жай-күйін тексерген.
"Ақсу дауылдың эпицентрінде орналасты, көптеген нысан зардап шекті. Өкінішке қарай, қала тұрғыны Марина Пахомова қайтыс болды. Қайтыс болған адамның отбасына көмек көрсетілді: тиісті өтемақы төленді, коммуналдық қызметтер үшін екі жылға алдын ала төлем жасалды, несиелерін өтеуге қаражат бөлінді", — деді әкім.
Дегенмен қаладағы шенеуніктердің жұмысына өңір басшысының көңілі толмады.
"Нысандарды қалпына келтіру бойынша көптеген жұмыс жасалды, алайда жұмыстардың қарқыны көңіл көншітпейді. Үш күн ішінде құлаған ағаштарға қатысты, әсіресе, коммуналдық қызметтердің жұмысына көп шағым түскен Ақсу шағынауданын тазарту қажет", — деді ол.
Осы жағдайға байланысты шенділерге сөгіс жарияланды.
"Төтенше жағдайдан кейінгі алғашқы күндері халықпен кері байланыс жасамағаны үшін Ақсу әкіміне, орынбасарына және аппарат басшысына сөгіс жарияланды. Ақсу қаласының әкіміне уәкілетті органдардың екі басшысын қызметінен босатуды немесе төмендетуді тапсырдым. Келесі аптада қайтадан келіп, жұмыстардың ұйымдастырылуын тексеремін және жеке бақылауымда ұстаймын", — деді Байханов.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Публикация от Байханов Асаин (@asaiyn.baikhan)
Еске салайық, бұған дейін Павлодар облысында дауылдан зардап шеккендер саны 16 адамға жеткені, оның ішінде балалар да бар екені хабарланды.
Әкімдік мәліметінше, 19 маусымда Павлодар облысында жылдамдығы секундына 43 метрге дейін жететін дауыл соққан.
Кейінірек Павлодар облысында төтенше жағдай жарияланады.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!