Ресейдегі ең ірі мұнай құбыры компаниясы "Транснефтьтің" вице-президенті Андрей Бадалов Мәскеудегі Рублёвкада орналасқан үйдің 17-қабатынан құлаған.

Андрей Бадалов аталған ғимараттың 10-қабатында тұрған, деп жазады inbusiness.kz сайты ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

ТАСС-тың құқық қорғау органдарындағы дереккөздері оның өліміне қатысты алдын ала себеп – суицид болуы мүмкін екенін айтқан.

Алайда, тергеу комитеті нақты шешім қабылдау үшін тексеріс жүргізіп жатыр: бұл іс бойынша қылмыстық іс қозғалуы немесе керісінше – дәлел жетіспегендіктен іс тоқтатылуы мүмкін.

62 жастағы Андрей Бадалов Мәскеу инженерлік-физика институтын (МИФИ) бітірген. Ол ұзақ жылдар бойы қорғаныс-өнеркәсіп саласында жұмыс істеген. 2019 жылы ол ФГАУ "Восход" ғылыми-зерттеу институтының директоры болып тағайындалып, мемлекеттік автоматтандырылған жүйелерді – ГАС "Выборы", ГАС "Правосудие" және Бас прокуратураның ақпараттық жүйелерін дамытуға жауапты болды.

2021 жылдан бастап Бадалов "Транснефть" вице-президенті қызметін атқарып, цифрлық трансформация, ақпараттық технологиялар және өндірістік-шаруашылық қызметті автоматтандыру бағыттарына жетекшілік етті.

Соңғы жылдары Ресейдегі ірі мұнай-газ компанияларының басшылары мен топ-менеджерлерінің күмәнді жағдайда қаза табуы жиіледі.

Мысалы:

  • 2022 жылғы сәуірде Мәскеуде "Газпромбанктың" бұрынғы вице-президенті Владислав Аваев әйелі мен кішкентай қызын өлтіріп, өзіне қол жұмсаған деген болжам айтылды.
  • Бірнеше күннен кейін Испанияда "Новатэк" компаниясының бұрынғы топ-менеджері Сергей Протосеня әйелі мен қызын өлтіріп, кейін өзі суицид жасаған деген ақпарат тарады.
  • 2022 жылғы қыркүйекте "Лукойл" компаниясының директорлар кеңесінің төрағасы Равиль Маганов көз жұмды. Ресми мәліметте ол ауыр науқастан қайтыс болды делінген. Кейбір ақпарат құралдары оның Мәскеудегі ауруханада өзіне қол жұмсағанын жазды.

А Н Ы Қ Т А М А: "Транснефть" – Ресейдің мемлекеттік бақылауындағы мұнай құбыры компаниясы. Ол 68 мың шақырымнан астам магистралды мұнай және мұнай өнімдері құбырларына иелік етеді, 500-ден астам айдау станциясы мен 24 миллион текше метрден астам резервуар сыйымдылығы бар. Компания Ресейде өндірілетін мұнайдың 83 пайызын және мұнай өнімдерінің 30 пайызын тасымалдайды.