Павлодардың орталық жағалауында қайғылы жағдай болды. Төрт дөңгелекті велосипедке анасын және үш баласын мінгізіп алған әйел адам төменге түсу кезінде темір қоршауға соғылған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

"Оқиға 7 шілдеге қараған түні орталық жағалауда болған. Жағажайдағы жолдар арқылы төменге түсу кезінде әйел рульге ие бола алмай, металл қоршауға соқтығысқан. Оқиға салдарынан зейнеткер әйел алған жарақаттарынан қайтыс болды. Оның қызы мен немерелері ауруханаға жеткізілді", — деп хабарлады Павлодар облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Аталған аумақ түнгі уақытта қараңғы болғаны айтылады. Ол жерде велосипед жүруіне рұқсат берілген, тыйым салу белгілері жоқ. Ал велосипедтің өзі жалға алынған екен. Қазір полиция кісі өліміне соқтырған жазатайым оқиға бойынша тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Өңірлік жедел жәрдем стансасының баспасөз қызметі оқиға бойынша 6 шілде сағат 23.08-де шақырту түскенін мәлімдеді.

"Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына 6 минутта жетті. Өкінішке қарай, біздің қызметкерлер 69 жастағы әйелдің сол жерде көз жұмғанын анықтады. Зардап шеккен 2010, 2015, 2018 жылғы қыз балалар облыстық балалар ауруханасына, сондай-ақ 39 жасар әйел адам Павлодар қалалық №1 ауруханасына жеткізілді", — деп хабарлады жедел жәрдем стансасынан.