Құрылымдар «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында шалғайдағы елді мекендерде пайда болды, деп хабарлайды 24kz.
Олар Бұланды ауданында жедел әрекет ету уақытын едәуір қысқартып, өрт салдарын азайтуға мүмкіндік береді.
Отрадный ауылындағы ерікті өрт сөндіру бекеті көршілес 6 ауылға қызмет көрсетеді. Сонымен қатар мың гектарға жуық орман алқабын тілсіз жаудан қорғайды. Бекет жергілікті шаруа қожалығының базасында құрылған.
Абат Сүгірбаев, шаруа қожалығының басшысы:
- Бізде ауысымда 4 кісі. Бір жүргізуші. Осы өз жұмыстарын атқарып жүреді. Өртке шақырту түскенде өрт болып жатқан жерге жедел түрде жетеді.
Еріктілер арнайы оқудан өткен. Яғни, оларға өрт сөндіру әдістері іс жүзінде көрсетіліп, егжей-тегжейлі түсіндірілді. Қазір сол алған білімдерін практикалық тұрғыда шыңдап жүр.
Қазір Бұланды ауданында осындай 3 ерікті өрт сөндіру құрылымы бар. Алдағы уақытта Партизан, Вознесен және Журавлёв ауылдарында ашылмақ. Бұл жергілікті құтқарушылардың жұмысын жеңілдетіп, өрттің шүғыл алдын алуға мүмкіндік береді.
Самат Бәпішов, Бұланды аудандық ТЖ БӨлімінің бастығы:
- Төтенше жағдай министрлігі тарапынан осындай өрт сөндіру көлігі берілді. Алдағы уақытта министрлікпен бірге жалпы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша бірқатар жұмыстар атқаратынымызға сенімдіміз.
Жалпы биыл еріктілер 51 өртпен күреске жұмылдырылып, үшеуін өз күшімен сөндірген. Ал былтыр 100-ден астам өртті сөндіруге атсалысты.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко