Қазақ қыз-жігіттері Азия чемпионы атанды. Астанада ауыр атлетикадан жасөспірімдер мен жастар арасындағы құрлықтық дода жалғасып жатыр.
Жарыстың кезекті күні ұлдардан 88 және 94 келідге дейінгілер арасындағы бәсекелер өтті. 88 келі салмқата ел намысын Ерасыл Сәулебеков қорғаған. Ол жұлқа көтеруде 153, серпе көтеруде 191 келіні бағындырды. Қоссайыс нәтижесі 344 келі. Аталмыш үш көрсеткіш бойынша да Ерасыл топ басына шығып, сенімді түрде алтын жүлдені жеңіп алды. Артынша 94 келіде қазақстандық Денис Полубояринов жеңіс жолын жалғады. Ол серпе көтеруде 213 келіні басынан асырып, Азия рекордын жаңартты. Ал қоссайыс қорытындысы бойынша 376 келіні тіркеді. Сәйкесінше Денис те Азия чемпионы атанып, ұлттық құрама қоржынына кезекті алтынды салды. Жоғарыдағы жігіттер жастар арасында сынға түскен болатын. Ал жасөспірімдер арасында 69 келідегі Кира Данилова чемпион атанды.Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 198 келілік зілтемірді көтерді. Ал жастар арасында 77 келідегі Аянат Жұмағали қола жүлде жеңіп алды. Оның көрсеткіші 217 келі. Осылайша Қазақстан жалпы командалық есепте топ бастап келеді. Жасөспірімдер арасында 12, ал жастар арасында 9 алтын жүлдеміз. Алда тағы бір жарыс күні бар. Астанадағы Азия чемпионатының жалпы қорытындысы 10 шілдеде белгілі болады. Осы аралықта ұлттық құрама өкілдері топ басындағы орнын сақтап қалуы қажет. Яғни қазақтсандық қыз-жігіттер алында осындай мақсат тұр.
Дүниежүзілік ойындарға дайындық
Алты каратэшіміз дүниежүзілік ойындарға қатысады. Тура бір айдан кейін Қытайдың Чэнду қаласында әлемдік аламан өтеді. Бұл олимпиадалық емес спорт түрлерінің өзіндік олимпиадасы десе де болады. Яғни төрт жылда бір ұйымдастырылады және үздіктердің үздігі ғана қатыса алады. Әсіресе каратэнің WKF бағыты бойынша үміткерлер әлем чемпионаты қорытындысы және әлемдік рейтинг нәтижесінде іріктеледі. Дүниежүзілік ойындарға бас-аяғы 96 каратэші ғана қатысады. Осы тізімге алты жерлесіміз ілікті. Атап айтқанда, әйелдер арасында Мөлдір Жаңбырбай, Әсел Қанай және Софья Берульцева ел намысын қорғайды. Ал ерлер арасында Қайсар Алпысбай, Дидар Әмірәлі, Нұрқанат Әжіқанов жүлдеге таласады. Каратэ бойынша бәсекелер 8-9 тамызға жоспарланған. Айта кетейік, соңғы дүниежүзілік ойындар АҚШ-тың Бирмингем өтті және қазақ каратэшілері 1 алтын, 2 күміс және 1 қола жеңіп алған болатын.
«Қайрат» пен «Олимпиа» тең түсті
«Қайрат» пен «Олимпиа» тең түсті. Футболдан чемпиондар лигасының іріктеу кезеңі басталды және бұл сынға еліміз атынан «Қайрат» командасы қатысып жатыр. Алматылық клуб алғашқы кездесуін сырт алаңда словениялық «Олимпиаға» қарсы өткізген болатын. Любляна қаласында өткен матч аса тартысты болды. Алғашқы голды қонақтар сапынан Дастан Сәтпаев соқты. Ол 60 минутта Жоржиньоның пасын ұтымды пайдаланып, өз командасын алға шығарған. Алайда араға небәрі алты минут салып, «Олимпиа» сапынан Диогу Пинту таразы басын теңестірді. Бұл нәтиже матч соңына дейін өзгермеді. Қорытынды есеп: 1:1. Енді қос команда 15 шілдеде Алматыда қарымта матч өткізеді. Жеңіске жеткені келесі кезеңге өтеді. Бұған қоса ертең Еуропа лигасына іріктеу аясында «Ақтөбе» Варшавада Польшаның атақты «Легиясымен» кездеседі. Ал Конференция лигасының іріктеу кезеңінде «Ордабасы» клубы Грузияда «Торпедо» Кутаисимен жолығады.