Қытайда 39 жастағы тұрғын Дин Юаньчжао елінде "ең білімді курьер" ретінде танымал болды, — деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі South China Morning Post басылымына сілтеме жасап.

Ғылыммен айналысу арманы жүзеге аспағаннан кейін, Оксфордты бітіріп, PhD дәрежесін алған Дин жақсы табыс табуға мүмкіндік беретін жұмысты таңдаған.

Дин туралы ақпарат бүкіл Қытайға таралып, ол өзі неге кенет мамандығын ауыстырғанын айтып берді. Оның айтуынша, ол Бейжің университетінен химия мамандығы бойынша бакалавр, энергетикалық инженерия мамандығы бойынша магистр дәрежесін алған. Кейін Сингапурдағы технологиялық университетте биологиядан докторлық диссертация қорғап, Оксфордта "Биоалуантүрлілік" мамандығы бойынша тағы бір диплом алған.

Алайда осы жетістіктеріне қарамастан, ол мамандығы бойынша лайық жұмыс таба алмаған. Дин көп түйіндеме жіберіп, ондаған сұхбатқа қатысқанымен, беделді қызметке орналасу мүмкін болмағанын айтады.

Бастапқыда ол репетитор болғысы келген, бірақ ұялшақ болғандықтан, бұл ойынан бас тартқан. Сол кезде Сингапурда оқып жүргенде тамақ жеткізу қызметінде жұмыс істегені есіне түседі. Ақшасы таусылған кезде Дин Юаньчжао сол қызметке қайта оралады.

"Бұл — тұрақты жұмыс. Осы табысыммен отбасымды асырап отырмын. Егер тырысып жұмыс істесең, жақсы ақша табуға болады. Бұл жаман жұмыс емес. Оның бір жақсы жағы – жұмыспен қатар спортпен де айналысуға болады", – дейді ол.

Ол мамандық адамның құнын анықтамайтынын айтады. Көп жағдайда қарапайым салаларда да жоғары білімді адамдарды кездестіруге болады. Бұрынғы ғалым курьердің жұмысы – маңызды және қажетті кәсіп, себебі ол отбасын асырауға, қоғамға пайда әкелуге мүмкіндік береді деп санайды.

Журналистердің айтуынша, Қытайдың әлеуметтік желілерінде көпшілік Динге қолдау білдірген. Қолданушылар "білімнің бағасынан гөрі адамның ісі мен жауапкершілігі маңызды" деп атап, бұрынғы ғалымның шешіміне риза болып, оның өмірлік қиындықтарға төтеп беру қабілетін және позитив көзқарасын жоғары бағалаған.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!

Logotype Massaget